Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қыдырәлі Дархан Қуандықұлы Әуезов университетінің жас ғалымдарына дәріс оқыды

Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіне келген құрметті қонағымыз Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымының докторы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қыдырәлі Дархан Қуандықұлы магистранттар мен докторанттарға дәріс өткізді.
Алдымен университетіміздің Басқарма Төрағасы-ректор Дархан Ахмед-Заки қонағымызға арнайы уақыт бөліп келгеніне алғысын білдіріп, кездесудің жас ғалымдар мен болашақ зерттеушілер үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
Дархан Қуандықұлы жас зерттеушілерге болашаққа азық болар өмірлік тәжірибесіндегі ілім-білімімен бөлісті. Мұхтар Әуезовтің жастайынан-ақ қазақ ұлты үшін жасаған ұлы істерін тарихтан мысал келтіре отырып, жастарымызға керемет бағдар берді. Дәріс барысында ғалым ғылым жолындағы адалдық, зерттеушінің жауапкершілігі туралы терең ой қозғап, академиялық адалдықтың – нағыз ғалым болудың басты өлшемі екенін ерекше атап өтті. Ол ғылымдағы әділдік пен шынайылықтың болашақ буын үшін аса маңызды екенін айтып, жастарды білімге, ізденіске, әрі рухани тазалыққа үндеді.
– «Кісі тақырыпты таңдайды, тақырып кісіні көтереді» деген тәмсіл сөзі бар. Ғылым жолында болашақ жас ғалымдарға айтарым, қай салада болмасын зерттеу тақырыпты дұрыс таңдау өте маңызды, - деп атап өтті Д.Қыдырәлі.
Университетіміздің жас ғалымдары құрметті қонағымызға көкейдегі сауалдарын жолдап, тағылымды жауап алды.
Кездесуден соң Дархан Қуандықұлы университетімізде ашылғалы отырған ASU филиалы мен ситуациялық орталық жұмыстарымен танысып, ұжымға ризашылығын білдірді.
Руханият пен тағылымға толы басқосудан білім алушыларымыз зор әсер алды. Сондай-ақ Дархан Жұмақанұлы құрметті қонағымызға университетіміздің ғалымдары жарыққа шығарған «Абай. Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбаларына сүйеніп жасалған транскрипция» атты кітапты сыйға тартты.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru

info@auezov.edu.kz

Please publish modules in offcanvas position.