Жаңалықтар
«ЖАС МАМАН – 2025»: ЖАЙ ЖӘРМЕҢКЕ ЕМЕС, БОЛАШАҚ ЖҰМЫС ТАБУ МҮМКІНДІГІ
- Қаралды: 86
Бүгін М.Әуезов атындағы ОҚУ-де «Жас маман-2025» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жоғары деңгейде өтті. Іс-шараға өңірдегі екіжақты келісімшарттар жасалған барлық өндірістік кешендері, ірі өндіріс орындары, мектептер, колледждер, Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты басқармалар, Шымкент қаласы және Түркістан облысының прокуратурасы, халыққа қызмет көрсету орталықтары, Шымкент қаласының мәдени орындары мен кітапханалары жалпы 150-ден астам мекеме қатысты.
Университеттің Басқарма мүшесі-академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ернар Иманғалиев өз сөзінде дәстүрлі жәрмеңке түлектерді жұмысқа орналастыруға көмек көрсетудің диалог алаңына айналып, көптеген түлектерге болашақ жұмыс орнын таңдауға көмектесетінін атап өтті. Ернар Иманғалиұлы құрметті қонақтарымыз, университетіміздің дамуына үлес қосқан түлектерімізге Алғыс хат табыстады. Олардың қатарында Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Дархан Зияев, «Шымкент Химиялық Компаниясы» ЖШС жаңа жобалар бойынша бас технологы Кенжетай Мамытов, Bereke Bank директоры Марат Өтемісов, «Фридом Банк Қазақстан» АҚ директоры Рысбек Рахметов, QazaqGaz Aimaq» АҚ Шымкент өндірістік филиалының директоры Ермек Қалдығұлов, REFRAME жеке тұлғалық даму орталығының директоры Гүлжан Вероцкая, KazFerroGroup ЖШС өндіріс жетекшісі Айбек Қабылбеков бар.
2024-2025 оқу жылында М.Әуезов атындағы ОҚУ-ін 4675 түлек бітіреді. Түлектер жәрмеңкеде жұмыс берушілерден қажетті ақпараттарын алып, бірқатар мекемелерге түйіндемелерін тапсырып та үлгерді.
Іс-шара аясында қатысушыларына «Әуезов университеті түлектерінің қауымдастығы» ұйымдастырған тегін лотерея ұйымдастырылып, сыйлықтар берді және өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұсынылды.