Жаңалықтар
Әуезов университеті делегациясы Синьцзян университетінің зертханалық және ғылыми инфрақұрылыммен танысты
- Қаралды: 24
Қытай Халық Республикасына ресми сапар аясында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің делегациясы Синьцзян университетінде болып, Бода кампусындағы зертханалық және ғылыми инфрақұрылыммен танысты.
Сапар барысында делегация университеттің заманауи технологиялармен жабдықталған зертханаларын аралап көрді. Атап айтқанда, «Компьютерлік ғылымдар және технологиялар» факультетінің көптілді зертханасы, «Робототехника» зертханасы, «Зияткерлік өндіріс» зертханасы, «Химиялық технология институтының оқу-ғылыми зертханасы» және басқа да инновациялық ғылыми орталықтар.
Аталған зертханалар Синьцзян университетінің ғылым, білім және технологияны интеграциялау бағытындағы стратегиялық басымдығын, сондай-ақ инженерлік және қолданбалы ғылымдарды дамытуға деген ұмтылысын көрсетеді.
Сапардың маңызды оқиғасы ретінде М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Синьцзян университеті арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Бұл құжат академиялық әріптестікті кеңейтуге, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосуға, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын ілгерілетуге және ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын дамытуға жол ашады.
Сапар аясында сондай-ақ М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Солтүстік Қытай электр энергетика университеті арасында қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім энергетик, инженерлік бағыттар бойынша білікті кадрлар даярлау мен халықаралық білім беру стандарттарын енгізуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Аталған ынтымақтастық Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары білім беру саласындағы байланыстарды нығайтып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында жүзеге асырылып отыр.