БЕЛГІЛІ ҒАЛЫМҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Университетімізде педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ПҒА академигі, математиканы оқытудың әдістемесі саласындағы белгілі ғалым Досымхан Рахымбектің 70 жылдық мерейтойы аталып өтті.  Іс-шараға профессор-оқытушылар құрамы, студент-жастар қатысты. Мерекелік кеште алғаш сөз алған Қоғаммен байланыс және мәдениет жөніндегі проректор Садыбек Бейсенбаев ғалымның өмір және еңбек жолындағы жетістіктеріне тоқталып, университеттің Басқарма Төрағасы-ректор Дархан Ахмед-Закидің құттықтауын жеткізді. 

 

 

Ғалымның ғылыми-зерттеу жұмысы мектеп математика курсын оқыту мен математика мұғалімінің әдістемелік дайындығы мәселелеріне бағытталған. Оның 300-ден астам ғылыми-әдістемелік еңбектері жарық көрген. Ол 2 монография, 50-дан астам оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың авторы. 25 еңбегіне авторлық құқық объектісіне құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы куәлік берілген.   

2000 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті базасында «Математиканы оқытудың әдістемесі» саласынан диссертациялық кеңес ашылуына атсалысып, сол диссертациялық кеңес төрағасының орынбасары, кейіннен өмірінің соңына дейін кеңес төрағасы қызметін атқарды. Досымхан Рахымбекұлының ғылыми жетекшілігімен 2 ғылым докторы, 16 ғылым кандидаты, 2 PhD докторы даярланды.

Д. Рахымбек және оның шәкірттері Қазақстанда бірінші болып, математиканы оқытудың дербес әдістемесінің барлық бөлімдері бойынша кітаптар жазды: «Арифметика, алгебра, анализ бастамаларын оқыту әдістемесі» (2016), «Планиметрия курсын оқыту әдістемесі» (2015), «Стереометрия курсын оқыту әдістемесі» (2015), «Ықтималдықтар теориясы мен математикалық статистика элементтерін мектепте оқыту әдістемесі» (2012).

Республикамызда алғашқылардың бірі болып «Элементар математика» пәнінің толық курсын дайындады. «Элементар математика: планиметрия есептерін шығару (2016), «Геометриялық есептерді шығару практикумы» (2016), «Алгебралық және тригонометриялық өрнектерді түрлендіру» (2015), «Геометриялық салу есептері (2015), «Теңдеулер мен теңсіздіктерді шешу» (2014).

Ғылым жолындағы еңбектері еленіп, 2007, 2014 жылдары ҚР «Жоғары оқу орынының үздік оқытушысы» атағының иегері, ал 2015 жылы Ы.Алтынсарин атындағы медальдың, 2017 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» медалінің иегері атанды. Сонымен қатар, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru

info@auezov.edu.kz

Please publish modules in offcanvas position.