Жаңалықтар
ТӨРЛЕТ, ТӨРЛЕТ ӘЗ-НАУРЫЗ!
- Қаралды: 23
Оңтүстігімізде көктемнің күні шуағын шашып, Әз-Наурыз мерекесінің әр күні жұртшылықтың көңілін жадыратуда. Бүгін М.Әуезов атындағы ОҚЗУ-нің ұжымы мен білім алушылары бірлік-ынтымақпен ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін тойлады. Алдымен әнші, биші, жыршы, ақыны мен батырынан құралған көш ән мен жырдан шашу шашып, мерекенің сәнін кіргізді, шырайын ашты. Университеттің Басқарма Төрағасы-ректор Дархан Ахмед-Заки барша жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтады.
–Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы барлық қазақстандықтар үшін жалпы халықтың сүйікті мерекесіне айналды. Дана халқымыз бұл күнді – жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы деп бекер атамаған. Көктемнің осы бір шағында табиғат қана түлеп қоймай, қоғамның ынтымақ-бірлігін, бейбітшілігі мен достығын нығайтатын мейрам деп бағалаған. Былтырдан бері ұлттық мейрам жаңаша сипатқа ие болып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Наурыз мерекесі «Наурызнама» деген атпен жаңа форматта тойланып жатыр.
Бәріңізді көктемнің жарқын мерекесі Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Наурыз күні ойға алған барлық арман-мұраттарыңыз орындалып, үміттеріңіз ақталуға жазсын! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!, – деді құттықтау сөзінде Дархан Жұмақанұлы.
Мерекелік кеште әншілер наурыз әндерін шырқады, бишілер мың бұрала билеп, дәстүрімізбен қауыштырды. Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлері: қол күресі, асық ату, ләңгі тебуден қатысушылар сынға түсті. Ұлттық спортты жаңғыртқан жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды.
Ұлттық мейрам аясында Ораза тұтқан жандарға ауызашар беріліп, ақ дастарханда еліміздің тынышты мен бейбітшілігі, халқымыздың береке-бірлігінің мығым болсын деген тілегін білдірді.