Жаңалықтар
ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІН САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАП ӨТТІ
- Қаралды: 21
Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің ұжымы 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесін салтанатты түрде атап өтті. Шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері, студент-жастар қатысты. Оқу ордамыздың Басқарма Төрағасы-ректоры Дархан Ахмед-Заки барша қатысушыларды мерекемен құттықтап, лебізін білдірді.
–Нәзік мінез және даналыққа, мейірім мен махаббатқа тұнған жан-дүниелеріңіздің асыл қазынасы ғажайыпқа негізделген. Қыр гүліндей аруларымыз, бар болмысы жылылыққа толы аналарымыз, көңіл көкжиектері тағылымнан тамыр тартқан аяулы әжелеріміз, бар құрметіміз, ыстық ықыласымыз, ілтипатымыз Сіздерге арналады.
Дариялы даналығымен, жүректі батылдығымен, еселі еңбегімен, адал махаббатымен танылған ардақты аруларымыздың есімдері мәңгілікке ел тарихында жазылған. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген даналық сөз бар. Біздің қыз-келіншектер отбасындағы ұл-қыздарын тәрбиелеумен қатар, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене атсалысып, қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүр», - деді Басқарма Төрағасы Дархан Жұмақанұлы өз сөзінде.
Салтанатты шарада Дархан Жұмақанұлы университеттің ғылым мен білімін дамытуға үлес қосқан әйелдерге «М.Әуезов төсбелгісі», Құрмет грамотасы және Алғыс хат табыстады.
Атап өту керек, университетімізде 1878 ару қызмет етеді. Оның ішінде: 20 ғылым докторы, 251 ғылым кандидаты, 53 профессор, 127 доцент, 83 PhD доктор, 550 магистрант, 506 аға оқытушы, 364 оқытушы отандық ғылым және жоғары білім саласын дамытуда жемісті еңбек етіп келеді.
Шара соңы конценрттік бағдарламаға ұласты. Арулардың құрметіне құлақ құрышын қандыратын әндер шырқалып, мың бұралған бишілер сахнаның көркін қыздырды.
«Әйел – ару, әйел – жар, Әйел – ана әлемге», - деп талай қаламгер жырға қосқан қыз-келіншектер күні құтты болсын!
Жақұттай жарқырап, маржандай жарқылдап жүріңіздер! Мереке құтты болсын!