Жаңалықтар
ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, ҒАЛЫМ ЖАМБЫЛ АЙМЕНОВТІҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
- Қаралды: 31
Құрылыс саласына жаңа технологиялар, инновациялар мен материалдардың енгізілуі саладағы процестерді жылдамдатуға, шығындарды азайтуға, экологиялық мәселелерді шешуге септігін тигізуде. Сонымен қатар, елімізде құрылыс саласын ғылыми негізде дамыту да күн тәртібінде. Бүгін М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, академик, техника ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Талхаұлы Айменовтің 70 жылдығына арналған «Заманауи құрылыс материалдары, технологиялары және конструкциялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда осы және өзге мәселелер талқыланды.
Конференцияға Оңтүстік өңірдің зиялы қауым өкілдері, жергілікті атқарушы орган басшылары, ЖОО басшылары, республика және шетелдік ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары өндіріс өкілдері және студент-жастар қатысты. Университеттің Басқарма Төрағасы-ректор Дархан Ахмед-Заки Жамбыл Талхаұлының ғылым жолындағы жетістіктеріне тоқталып, мерейлі мерейтойымен құттықтады. Алғыс хат табыстап, шапан жапты. Сонымен қатар Дархан Жұмақанұлы ғалым-ұстазға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов және Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің жолдаған мерейтойлық құттықтауын табыстады. Конференция аясында қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов ғалымның жаңашылдықтарының өнеркәсіптік, азаматтық құрылыс және құрылыс материалдары ғылыми саласының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Еліміздің және шет елдің ғалымдары да Ж.талхаұлының ғылым жолындағы жетістіктері мен лебіздерін бейнеүндеу арқылы білдірді.
Конференция аясында ғалымдар секциялар бойынша құрылыстағы заманауи материалдар, цифрландыру және IT-технологиялар, инженерлік білім беру жүйесінің және академиялық стратегияның мәселелері секілді тақырыптарды онлайн және офлайн форматта талқылады.
Атап өтейік, Жамбыл Талхаұлы – жарты ғасырға жуық ғұмырын білім және ғылым саласына арнап, жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде өлшеусіз еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз, ғалым, білікті басшы. Қазақ химия-технологиялық институтын үздік аяқтап, осы оқу ордасында қарапайым оқытушыдан бірінші проректор қызметіне дейін көтеріліп, абыройлы еңбек еткен азамат. 400-ден астам еңбектің авторы, барлығы 8 монография, 8 оқулық және 20 оқу-әдістемелік құралды жарыққа шығарды. 3 өнертабыс куәлігі және 3 патенті бар. 2015 жылы Ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстар авторларының халықаралық қоғамдық академиясының (Мәскеу) шешімімен Ж.Т.Айменов әлемдік ғылыми жаңалықтың авторы деп танылған.