Жаңалықтар
«ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕСІ»: СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
- Қаралды: 78
Осы тақырыпта М.Әуезов атындағы ОҚУ-да өткен басқосуға құқық қорғау саласының өкілдері мен ардагерлері, оқытушылар құрамы және жастар қатысты. Жастармен кездесу Қазақстан Республикасының Бас прокуратураның тапсырмасы аясында көпшіліктің құқықтық санасын жоғарылату мақсатында қалалық прокуратура, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, қалалық Жастар орталығының бірлесуімен өтті.
Университетіміздің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Құрманғали Сарықұлов жүздесудің маңыздылығына тоқталды. ҚР прокуратурасының құрметті қызметкері, аға әділет кеңесшісі Әбдіраман Аққұлов «Қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері» баяндамасында жас буынды еліктеуден сақтануға шақырып, сот ісіндегі жағдайлардан мысалдар келтірді. Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдабаев өз сөзінде жастар арасында құқық бұзушылық жағдайлардың саны артып отырғанын атап өтті. Әсіресе, есірткі, синтетикалық есірткі саудасында әлеуметтік желілер арқылы жастардың көптеп алданғаны және соңында түрмеге жаза тағайындалғанын жеткізді. Осы бойынша арнайы дайындалған бейнероликті жастардың назарына ұсынды.
Бокстан Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері Біржан Жақыпұлы жастарды жат қылықтардан сақтануға шақырып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес берді. Кездесеу соңында студенттер құқық бұзушылықтың алдын алуда өз ікірлерін білдіріп, сала өкілдеріне өз сауалдарын жолдады.