Жаңалықтар
ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ НҰРТАС ОҢДАСЫНОВТЫҢ 120 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
- Қаралды: 84
Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан универсиетінде ұлтымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның ғылым академиясының дербес құрылуына бастамашы болған Нұртас Оңдасыновқа мемориал тақта орнатылып, тұлғаның атынан оқу залы ашылды. Іс-шара қазақтың біртуар азаматының 120 жылдығына арналған «Нұртас Оңдасынов – тарих және тұлға» атты ғылыми-практикалық конференция аясында ұйымдастырылды.
Н.Оңдасыновтың мәңгілік мұрасын жаңғыртып, ұлттың дамуына қосқан үлесін насихаттау мақсатында ұйымдастырлған конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Айтаханов, Зауытбек Тұрысбеков, Оразкүл Асанғазы, оңдасыновтанушы Г.Оразалы, «Нұртас Оңдасынов Қоғамдық қоры» Қамқоршылар кеңесінің төрағасы С.Тәукебаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары С. Құранбек, өңірдің зиялы қауым өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы және студент-жастар қатысты.
Ғылыми конференцияда университеттің Басқарма Төрағасы-ректордың м.у.а. Ғани Бесбаев Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мерейтойға арналған құттықтауын жеткізді.
Ғани Әбзелбекұлы Нұртас Дәндібайұлының Әуезов университетінің тарихында үлкен орны бар азамат екенін атап өтті: «1943 жылы қиын-қыстау уақытта Шымкент технология институты жабылғанда, Нұртас атамыз шұғыл шешім қабылдап, Мәскеудегі Сталинге кіріп, табандылығының арқасында оқу ордасын сақтап қалды. Алдағы уақытта жас ғалымдарымыздың тарапынан тұлғаның өмірі мен шығармашылық мұрасы жаңа дәуірде ғылыми зерттеулеріне өзек болады деп айта аламыз» - деді.
Нұртас Оңдасыновтың есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланысты. Ұлт қайраткері еліміздің мұнай-газ саласын игеру, Қазақ Ғылым академиясы, қыздар педагогика институты, Абай атындағы Опера және балет театры, консерватория тағы өзге нысандардың ашылуына ұйытқы болды. Ғылыми басқосуда қатысушылар ғалымның өмірі мен еңбек жолындағы осындай естеліктерімен бөлісіп, мектеп бағдарламасындағы әдеби оқулықтарға мұрасын енгізу туралы ұсыныстарын да жеткізді.