Жаңалықтар
ҒАЛЫМДАРЫМЫЗ ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫҢ 5 БАСЫМ БАҒЫТЫ БОЙЫНША 7 ЖОБА ҰТЫП АЛДЫ
- Қаралды: 113
М.Әуезов атындағы ОҚУ ғалымдары 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурстың нәтижесімен ғылымды дамытудың 5 басым бағыты бойынша 7 жоба ұтып алды.
Ғылыми жобалар және бағдарламалар департаменті бүгіннен бастап сіздерді осы конкурстың жеңімпаздарымен таныстыра бастайды.
«Наноқұрылымды суды кешенді зерттеу: су жүйелерінің жылу, электр және құрылымдық сипаттамалары» жобасымен PhD, қауымдастырылған профессор Ұлжалғас Назарбек Бақытқызы қаржы көлемі 88 млн. теңгені құрайтын грант жеңіп алды.
Жобаның мақсаты суды ғылым мен технологияда қолданудың жаңа мүмкіндіктерін ашу, сондай-ақ оның химиялық жүйелермен өзара әрекеттесуін түсіну үшін нанодеңгейінде судың жылу, электр және құрылымдық қасиеттерінің ерекшеліктерін анықтау болып табылады. Соңғы жылдары суды молекулалық және нанодеңгейде зерттеуге қызығушылықтың айтарлықтай өсуі байқалды. Бұл судың ғылым мен техниканың көптеген салаларында маңызды ерекше қасиеттеріне байланысты. Жоба судың нанодеңгейдегі сипатын жеткіліксіз түсінуден туындаған мәселені шешуге бағытталған. Судың нанодеңгейінде жылу, электрлік және құрылымдық қасиеттерін түсіну жаңа материалдарды әзірлеу, сенсорлар жасау, медицина және энергетика салаларында айтарлықтай жетістіктерге әкелуі мүмкін. Жобаның пәнаралық сипаты физика, химия, биология және инженерия бағытында зерттеуді кешенді жүргізу қажеттілігімен байланысты.
Жоба Ү. Бестереков атындағы «Су сапасын мониторингтеу және су технологиялары» зертханасында орындалатын болады.
Жоба жетекшісі Назарбек Ұлжалғас Бақытқызын жеңісімен құттықтаймыз! Жобаны сәтті жүзеге асыруды тілейміз!