Жаңалықтар
«СЕРПІН» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША БІЛІМ БЕРУ ГРАНТТАРЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТТЫҚ-ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ӨТУДЕ
- Қаралды: 575
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Серпін» бағдарламасы бойынша білім беру гранттары туралы ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жалғасты. «Жоғары білім көрмесі-2024» іс-шарасына еліміздің шығыс, батыс, солтүстік, орталық өңірлердегі «Серпін» бағдарламасы аясында білім беретін 23 ЖОО қатысып, түлектерге өз мүмкіндіктерін таныстырды. Түркістан облысы және Шымкент қаласынан мектеп бітіруші түлектер көрмеге көптеп қатысты.
Көрмеде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі кеңесшісі Руслан Емелбаев, М.Әуезов атындағы ОҚУ Басқарма Төрағасы – ректор м.у.а Қайрат Нұрманбетов сөз сөйлеп, мемлекеттік бағдарламаның маңыздылығына тоқталды.
–Қазіргі таңда елімізде талапкерлер ең көп таңдайтын, көш бастап тұрған үш мамандық бар, олар – инженерлік, педагогикалық және ІT. Соның ішінде биыл «Серпін» бағдарламасына министрлік тарапынан 3903 грант қарастырылды. Оның 65 пайызы, яғни 2513 грант педагогикалық бағытқа бөлініп отыр. Бұл мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау деп білемін. Бұдан бөлек, Президентіміздің тапсырмасы аясында өңірлік жоғары оқу орындарында шет елдік университеттердің филиалы ашылып жатыр. Шет елдік оқу орындарында білім алғысы келетіндер үшін бұл жақсы мүмкіндік. Енді, әлемнің жетекші ЖОО-ларында Қазақстаннан шықпай-ақ жоғары білім алуға болады. Көрмеге солардың ішінен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында ашылған Heriot-Watt университеті және М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті базасындағы Аризона университетінің филиалы өкілдері қатысуда, - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі кеңесшісі Руслан Тоқтарбекұлы.
Ақпараттық іс-шараға еліміздегі танымал азаматтар: профориентолог –А.Жұманазар, тарих мектебінің негізін қалаушы – О.Әбсаттар, физика мектебінің негізін қалаушы – Н.Мұхамеджан, «100 High school» мектебінің профориентологы Бақдәулет Сапарханов талапкерлерге мемлекеттік білім гранттарының түрлері, «Серпін» бағдарламасының тиімділігі, грантқа қол жеткізу жолдары және мамандық таңдауда өз кеңестерімен бөлісті.
Іс-шара кешке дейін жалғасады, түлектер өздеріне қажетті мәліметтермен толық танысуына мүмкіндік бар.