Жаңалықтар
ҚАНЫШ СӘТБАЕВТЫҢ 125 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «ӘУЕЗОВ ОҚУЛАРЫ-22» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
- Қаралды: 488
Университетімізде халқымыздың біртуар перзенті, жаратылыстану ғылымдарының белді өкілі Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Әуезов оқулары-22» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ғылыми басқосуға Жапония, Малайзия, Қытай, Ұлыбритания, Италия, Германия, Болгария, Польша, Литва, Түркия, Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және өзге мемлекеттен 100-ге тарта белгілі ғалымдар қатысты.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы – Ректор м.у.а Қайрат Нұрманбетов алғы сөзінде оқу ордасының жетістіктерін баяндай келе, мәдениет, кәсіпкерлік, қоғамдық ұйым өкілдерінің басын қосқан конференция ғылыми зерттеулер мен практикалық тәжірибе алмасуда академиялық және университеттік ғылым өкілдеріне мүмкіндік беретін ірі халықаралық алаңға айналатынын атап өтті.
Конференцияға қатысқан қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген заңгері Б.Тұрғараев, AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Ж.Бектаева, Өзбекстан ғылым академиясының академигі, профессор С. Гулямов, М.Әуезов атындағы ОҚУ ректорының кеңесшісі Д.Қожамжарова қазақ ғылымының атасы Сәтбаевтың ғұмыры, ғылымдағы мұрасы және еңбек жолдарындағы тың деректерімен бөлісті.
Әзербайжан мемлекеттік мұнай және өнеркәсіп университетінің ректоры В.Е Әскеров, Қырғыз Республикасы Халықаралық университетінің ректоры А.А.Адиева, Қазан федералды университетінің бірінші проректоры Д.А. Таюрский әлемдік дәрежедегі ғалым жайындағы пайымдарын бейнеүндеу арқылы жеткізді.
Конференцияның кезекті 22-ші сессиясында ғылым өкілдері Қазақстанның дамуындағы ұлы ғалымның рөлі, әлемдік және отандық ғылымдағы жаңашылдықтар, ЖОО-лар арасындағы ынтымақтастықтар мен байланыстар турасында баяндама жасады.
Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз