Жаңалықтар
ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ «ӘУЕЗОВ ҺӘМ АБАЙ» АТТЫ ЕКІ ТОМДЫҚ ЕҢБЕКТІ ЖАРЫҚҚА ШЫҒАРДЫ
- Қаралды: 262
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жанындағы «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары Ақжол Қалшабек және Әзімхан Исабектің «Әуезов һәм Абай» атты кітабы оқырманға жол тартты.
Көрісу күні – Амал мерекесімен тұспа-тұс келген кітаптың тұсаукесеріне арналған салтанатты іс-шараны М.Әуезов атындағы ОҚУ Басқарма Төрағасы-ректор м.у.а. Қайрат Нұрманбетов ашып, орталықтың табысты жетістіктеріне шолу жасап, ғалымдардың су жаңа екі томдығы 5 жылдық зерттеулердің нәтижесі екендігін атап өтті.
Екі томнан тұратын ерекше ғылыми шығармалар жинағының тұсаукесеріне өңірдің зиялы қауым өкілдері, жазушылар, республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері, оқытушы-ғалымдар және студенттер қатысты.
Іс-шараға қатысқан AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева, академик Дария Қожамжарова, Түркістан облысы мәслихатының депутаты, журналист Ғалымжан Елшібай «Әуезов һәм Абай» кітабы туралы оң пікірлерін білдіріп, авторлардың құнды деректері ұлы тұлғаларды тануда үлкен ізденіс екенін алға тартты.
Кезекті сөз алған абайтанушы, ф.ғ.к Ақжол Қалшабек «Кітаптың 1-ші томына Мұхтар Әуезовтің Оңтүстікке сапары мен Шымкент қаласында жерленген Абай ұрпақтарына қатысты жаңа деректер топтастырылған. 2-ші томға Абай шығармаларындағы текстологиялық-терминологиялық мәселелер мен Мүрсейіт, Тұрағұл, Кәкітай хақындағы мағлұматтар енгізілген. Кітаптың жаңашылдығы, бұл екі томдықта Абай Құнанбайұлының қара сөздері, өлеңдері мен аудармалары түпнұсқа қолжазбалармен қайта салыстырылып, оның транскрипциясы жасалып, арнайы түсініктеме берілген», - деп жаңа деректермен бөлісті.
Атап өтейік, кітап 1000 данамен Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан жарық көріп отыр. Қалың оқырман қауымға арналған туынды кітапханаларға таратылмақ.
Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз