Жаңалықтар
Білім беру бағдарламаларын жетілдіру: жаңа мүмкіндіктер мен даму келешегі
- Қаралды: 458
2018 жылдың 16 қаңтары күні Академиялық мәселелер жөніндегі департаменттің Оқу үрдісін ұйымдастыру орталығы мен Ғылыми педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру бөлімінің ұйымдастыруымен педагогикалық мамандықтардың оқытушы-профессорлық құрамына арналған «Орта білімнің жаңарған мазмұны» тақырыбындағы ақпараттық семинар ұйымдастырылды. Аталған семинарды ұйымдастырудағы басты мақсат Қазақстан Республикасындағы орта білімнің жаңарған мазмұны аясында университет оқытушы-профессорлық құрамының әдістемелік және тәжірибелік біліктілігін арттыру.
Семинарға факультет декандары, кафедра меңгерушілері, кафедраның білім беру бағдарламаларына жауапты тұлғалар қатысты.
Семинардың модераторы Оқу үрдісін ұйымдастыру орталығының директоры, х.ғ.к., профессор Г.Адырбекова Қазақстан Республикасындағы жалпы білім беру мазмұнын жаңартудың алғышарттары мен жаңартылған оқу бағдарламаларының құрылымы және мазмұндық ерекшеліктері туралы таныстырып өтті.
Осы курс бойынша үстіміздегі жылдың 8-ші және 12-ші жұлдызы аралығында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде біліктілігін арттырған баяндамашылар «Химия» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент М.Ермаханов пен «Физика» кафедрасының меңгерушісі, ф-м.ғ.к., доцент Н.Сайдуллаева семинарға қатысушыларды жаңарған мазмұндағы оқу мен оқытудың озық тәсілдерімен таныстырды.
Семинар қорытындысында педагогикалық мамандықтар бойынша модульдік білім беру бағдарламаларын орта білімнің жаңарған мазмұнына сәйкес жетілдіру бағытындағы нақты нұсқаулар берілді.