Жаңалықтар
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ AUEZOV UNIVERSITY ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРЫМЕН ТАНЫСТЫ
- Қаралды: 280
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Auezov University ғалымдарының экологиялық жобаларымен танысты.
Auezov University-де климаттық өзгерістер, қоршаған ортаны қорғау және экология мәселелеріне байланысты бірқатар тың бастамалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда, бұған дейін университетте Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының иегері, климат және тұрақты даму бойынша №1 сарапшы Рае Квон Чунг атындағы жаңа климаттық экономика орталығы ашылған болатын.
Бұл – жасыл технологиялар және климаттық өзгерістердің ауыл шаруашылығына әсерін қысқарту қағидаттарында экономикалық дамудың жаңа моделін енгізу жөніндегі Орталық Азия мен ТМД-дағы бірден-бір институт.
«М. Әуезов атындағы ОҚУ жанынан ашылған бірегей орталық оңтүстік өңірдің тұрақты даму саясатында өзіндік зор ықпалын тигізіп отыр. Әсіресе, орталықтың тұрақты даму, жасыл технологиялар және климат өзгеруінің ауыл шаруашылығына әсерін азайтуға ықпалы зор», – деді Auezov University Басқарма төрағасы – Ректор Дария Қожамжарова.
Бүгінде орталықта жаңа инновациялық білім бағдарламалары даярланып, өзекті ғылыми-зерттеу жұмыстары жүзеге асырылуда.
Өз кезегінде Экология және табиғи ресурстар министрі климаттық өзгеріске байланысты туындаған мәселелерді ғылыми тұрғыдан оңтайлы шешудің маңыздылығын атап өтті.
Бұдан бөлек, Ерлан Нысанбаев өңір экологиясын жақсартуда университет ғалымдарының жобалары үлкен септігін тигізетініне үмітті екендігін жеткізді.
Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз