Жаңалықтар
М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің «Денсаулық» спорт кешенінің жүзу бассейні 1-маусымнан бастап өз жұмысын бастады
- Қаралды: 848
2023 жылдың 1-маусым күні М.Әуезов атындағы ОҚУ-нің «Денсаулық» спорт кешені жүзу бассейнінің ашылу салтанаты өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі қашанда өзекті. Елімізде бұқаралық спортты дамыту және оған қолайлы жағдай жасау - басты міндеттеріміздің бірі», -деп, бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді.
- Университет миссиясының бірі – қоғаммен байланыс орнату. Студенттер үшін спорт кешенінің қолжетімді болуы, өскелең ұрпақтың білім алуымен қатар, спортпен шұғылданып, жан –жақты үйлесімді дамыған тұлға ретінде қалыптасуы – маңызы зор қоғамдық мәселе. Спорт кешені ашылуының басты мақсаттарының бірі – университетте «Спорттық менеджмент, жүзу және нұсқаушы ісі» атты жаңа білім бағдарламасы негізінде мамандарды даярлау. Бұл іс-шарамен тұспа-тұс 2011 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасындағы Республикалық турнирдің ашылуы өтті. Турнирде Қазақстанның 13 өңірінен жиналған 23 команда, оның ішінде 368 спортшы бәсекеге түседі. Осы іс-шаралардың жүзеге асырылуына орай Казақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті ұжымына құттықтау хатын жолдады. Шымкент қаласының әкімі Әйтенов Мұрат Дүйсенбекұлы «Денсаулық» спорт кешені жүзу бассенінің ашылу салтанатымен құттықтап, университет ұжымына, студенттерге және тұрғындарға әрқашан спортқа жақын болу қажет екендігін айта келіп, елімізді көркейту жолында аянбай еңбек етіп, жастарға мүмкіндіктер жасалып жатқанына дән риза болды.
- Халыққа кеңінен танымал спорт кешенінің жүзу бассейні көлемі жағынан олимпиадалық стандарттарға сай, ашық аспан астында орналасқан. Спорт кешенінде спортпен айналысу үшін көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына жеңілдік қарастырылған. Алдағы уақытта жүзу бассейні тұрғындарда салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында университет студенттері мен қала тұрғындары үшін жыл бойы жұмыс істейтін болады. Іс- шараға қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Шымкент қаласының қоғамдық кенес мүшелері, спорт саласының ардагерлері, үздік оқытушылар, қалалық маслихат депутаттары қатысты. Сонымен қатар осы күні университетімізге Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Жұмақанұлы Ахмед-Заки арнайы іс-сапармен келді. Дархан Жұмақанұлы іс-сапар аясында университеттің жетекші ғалымдарымен кездесіп, «Университет ғылымын аймақ экономикасына интеграциялау векторлары» атты тақырыбындағы көрмесінде университет ғалымдарының ғылыми жетістіктері көрмесімен, оқу орнының ғылыми зертханаларымен танысты.
Университет ғалымдары үшін Д.Ж.Ахмед-Заки «Ғылым және технологиялық саясат» туралы заң жобасы, ғылымдағы өзекті мәселелер бойынша баяндама жасап, ғылымды дамытудың ұлттық инновациялық жүйесін және технологиялық бастамаларды ілгерілету жолдарын ұсынды.
Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз