Жаңалықтар
Қазақстанда Ресейдің екі жетекші жоғары оқу орнының филиалдары ашылады – Үкімет қаулысы
- Қаралды: 458
2022 жылдың күзінде Қазақстанда Ресейдің «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті (Алматы қаласында) мен И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің (Атырау қаласында) филиалдары ашылмақ. Үкімет тиісті қаулы қабылдады.
Биыл қазан айында аталған жоғары оқу орындары филиалдарының базасында «Қорғалған жоғары өнімді есептеу жүйелері», «Элементар бөлшектер физикасы және ғарыш физикасы», «Мұнай мен газды іздеу және барлау», «Мұнай және газ кен орындарын игеру, пайдалану және кешенді механикаландыру мен автоматтандыру», «Мұнай және газ тасымалдау» сияқты мамандықтар бойынша кадрларды дайындау басталады. Оған 200 грант бөлінді. Оқу процесіне жетекші ресейлік профессорлар тартылмақ.
«Кәсіби кадрларды даярлау мен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыруда жоғары оқу орындарын әлем елдерінің тәжірибесімен ұштастыру және ынтымақтастық ауқымын кеңейту заманауи білім беру технологияларын кеңінен енгізуге мүмкіндік береді. Техникалық кадрларды дайындау жағынан ресейлік ғылым әлемдегі ең үздіктердің бірі саналады. Сондықтан бұл тәжірибе бізге өте пайдалы», — деді ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Елімізде ресейлік жоғары оқу орындары филиалдарының ашылуы қазақстандық жастарға елден шықпай-ақ жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының дипломын алуға мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы елімізде 2025 жылға дейін шетелдік жоғары оқу орындарының 5 жаңа филиалын ашу туралы тапсырма берген болатын. 2022 жылдың ақпан айында ҚР Білім және ғылым министрлігі мен РФ Ғылым және жоғары білім министрлігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға, сондай-ақ ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында екі елдің жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы келісімге қол қойылған.