Жаңалықтар
Дені сау ұлт қана өміршең мемлекет құрады
- Қаралды: 347
Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында «алдымен экономика, одан кейін саясат» қағидасын ұстанған мемлекетіміз адамзат үшін сын – індет мерзімінде өз халқының денсаулығын сақтау мәселесін экономикадан да, саясаттан да жоғары тұратындығын мызғымас қағидат ретінде ұстанып отыр.
Міне, осындай кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі жарияланды. Президент бүгінде әрбір қазақстандықты толғандыратын барлық сауалға толыққанды әрі нақты жауап берді. Ең алдымен төтенше жағдай режімін осы жылдың 11 мамырына дейін созу шешімі қабылданды. Бұл орын алып отырған қазіргі қиындықтардан туындаған жайт. Өкінішке қарай індеттің шарықтау шегі әлі өткен жоқ. Сондықтан карантиндік шараларды алып тастауға болмайды.
Ресми билік тарапынан дер кезінде шынайы ақпарат халыққа жедел жеткізілуде. Дегенмен, карантин жағдайындағы халықтың эмоциялық жай-күйіне айла-шарғы жасап отырған түрлі бағыттағы топтар мен мүдделердің конгломераты байқалады. Оларды қазіргі таңда біріктіріп отырған мәселе – билікті сынау және саяси жаңғыру жолындағы реформаларды жоққа шығару. Сондықтан Президент бос сөз бен жалған мәліметке жол бермеуге шақырып отыр.
Қазір әлем елдері қауіпті індеттің экономикаға, халықтың әлеуметтік жағдайына тигізген әсерін ескеріп, көптеген іс-шараны қолға алуда. Президент «ешкімді қиын жағдайда қалдырмаймыз» деп айтқандай, әр адам, әр қазақстандық, әр отбасы ұмыт қалған жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің сайлауалды бағдарламасын «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп атап, негізгі үш ұстанымын жариялаған болатын. Мемлекет басшысының елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге, түрлі саланы қолдауға бағытталған бірқатар кешенді тапсырмалар жүктеуінің өзі осы бағдарламаның ел азаматтарының сұранысына негізделген, барлық буын өкілдерінің жаңа сапалы өмір сүру деңгейіне жету үшін құралғанын деп білеміз. Соның бірі табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілгенін айтуға болады. Өтініштерді қабылдау әлі де жалғасуда. Ең төменгі айлық көрсеткіштегі 42 500 теңгелік әлеуметтік көмек берілуі олардың тығырықтан шығуына септігін тигізеді деп ойлаймыз.
Елбасы бастамасымен құрылған «Біргеміз» қоғамдық қорынан халықтың әлжуаз топтарына кіретін азаматтарға 50 мың теңгеден таратуға шешім қабылданды. Ең маңыздысы, еліміздегі атымтай азаматтардың қаржылай қамқорлығы елдің береке-бірлігін тағы бір мәрте дәлелдей түскендей.
Шағын және орта кәсіптің дамуы елде жұмыссыздықты болдырмаудың бірден-бір кепілі. Бұған дейін шағын және орта кәсіп иелерінің 1 маусымға дейін салықтан босатылатыны туралы айтылған болатын. Енді Президентіміз бұл мерзімнің 1 қазанға дейін ұзартылатынын жеткізді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жағдайдан көбірек зардап шеккен бизнес өкілдерін салықты төлеуден ғана емес, салықтың есептелуінен де босату қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Осының бәрі сайып келгенде Үкіметтің және жедел құрылған мемлекеттік комиссиямен арнайы түзілген жол картасы бойынша атқарылып жатқан шаралардың дұрыс бағытта өрбігенін көрсетеді.
Қазақстан Президентінің мәліметінше, көктемгі егіс науқанына және өнімді алдын ала сатып алуға 200 млрд теңге бөлінді. Соның 70 млрд теңгесі тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсалады. Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдау үшін 6 трлн теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Сол сияқты егін егумен айналысатын шаруа қожалықтарына жанар-жағармай 15 пайыздық жеңілдікпен берілмек. Ал мұның өзі «Көктемнің әр күні жылға азық» дегенді қаперге ұстайтын шаруа адамын алда қарбалас шаруа күтіп тұрғанын тағы бір еске салғандай. Осының барлығы бизнесмендер мен халықтың әл-ауқатын көтеру үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан зор қолдау деп есептейміз.
Қазір төтенше жағдайға байланысты университеттер мен мектептер қашықтан оқыту технологиясына көшуде. Онлайн оқыту – білім беру жүйесінің ғаламдық жаңа беталысы, оны әлемнің алдыңғы қатарлы көптеген оқу орны дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Сол арқылы көптеген азамат үйлерінде отырып, алдыңғы қатарлы университеттердің сабақты қалай ұйымдастыратынын, лекцияны қалай оқитынын, сабақты қалай жүргізетінін көріп, ой-өрістерін кеңейтіп жатыр. Бұл жалпы карантиндік жағдай қазақстандық университеттер үшін сынақтан өтудің де әрі осы бағыттағы жетістіктерді көрсетудің де жақсы мүмкіндігі болуға тиіс. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс.
Президент XXI ғасырды постиндустриялық-ақпараттық кезең екенін еске сала отырып, ғылым мен білімнің аналиткалық жолмен қарыштау уақыты екенін еске салатын дүние жүзін жайлаған вирусты ауыздықтайтын ғылыми мәліметтер мен ғылыми болжамдардың қажеттілігін айтты.
Президенттің мәлімдемесін қолдай отырып, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғалымдары ДДҰ-ның жалпы ережелеріне сәйкес ГОСТ Р 58151. 21-2018 антисептиктер мен зарарсыздандыру сұйықтықтарын зертханаларда дайындап, қалалық зарарсыздандыру мекемелеріне ұсынды. Ғалымдарымыз туындаған ахуалға байланысты университеттің материалдық-техникалық базасындағы зертханалар мен ғылыми орталықтарында иммунобиологиялық препараттарды, биологиялық белсенді заттар мен қоспаларды, шөптік препараттарды әзірлеу үшін қосылыстар мен заттарды зерттеуге кірісті. Университет ғылымның бұл саласына басым-бағыттар беруде.
Қай уақытта болсын індеттің алдын алудың бірден-бір жолы – саламатты өмір салты. Бұл орайда әр адам өз денсаулығына дұрыс мән беріп, денсаулығын күту мәдениетін қалыптастыруға назар аударғаны жөн. Өйткені адам капиталының сапасы мен саны оның денсаулығына тікелей байланысты екені сөзсіз. Яғни дені сау ұлт қана өміршең мемлекет құра алады.
Дария Қожамжарова,
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры,
тарих ғылымдарының докторы, профессор