Жаңалықтар
«ҮЗДІК АУДАРМАШЫ» БАЙҚАУЫ
- Қаралды: 543
«Аударма – лингвистика мен әдебиеттанудың тоғысында тұрған жанды өнер. Ол этнографиямен, тарихпен, адам мәдениетінің бар болмысымен өте тығыз байланыста болатын өнердің нақ өзі»,- деп Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері, прозаик, публицист, әдебиеттанушы, аудармашы Герольд Бельгер айтқандай, бір тілдегі туындыны екінші тілде айна-қатесіз жеткізу оңай емес. Әр аудармашының өзіндік стилі, өзіндік сөздік қоры бар. Тілі басқа шығармаларды ана тілімізде сөйлету асқан білімдарлықты, даңғайыр диапазонды, дархан да дара дарын иесі болуды, сондай-ақ, туған тілдің қисапсыз қыры мен сырын кең меңгерген виртуоз болуды талап етеді. Осы ретте, М.Әуезов атындағы ОҚМУ профессор-оқытушылар құрамы арасында аударма жұмыстарымен айналысып, өз дәрежесінде едәуір жетістіктерге жетіп жүрген жандар аз емес.
24 сәуір 2019 жылы Тілдерді дамыту бөлімі осындай аударма өнерінің ауыр жүгін арқалап, күрделі ой еңбегімен айналысып жүрген әріптестер арасында «Үздік аудармашы» байқауын өткізді. Байқаудың басты мақсаты М.Әуезов атындағы ОҚМУ профессор-оқытушылар құрамы арасынан ағылшын-орыс, орыс-ағылшын тілдері арасында жазбаша аударма жасай алатын оқытушыларды анықтау, тілді еркін меңгерудің маңыздылығын ұғындыру, тілдерді еркін меңгерген, аудармашылық қабілеті бар оқытушыларды ынталандыру болатын.
Байқау экономика, химия, білім беру және тіл саясаты бағыттары бойынша берілген мәтіндерді орыс және ағылшын тілдері аралығында жазбаша аудару түрінде өткізілді. Аударма көлемі әр тақырып бойынша А4 форматтағы 0,5 бетті құрап, оқытушыларға 3 сағат уақыт берілді. Оқытушылардың салалық, терминологиялық сөздіктерді қолдануына рұқсат берілгенімен, ұялы телефон, планшет, т.б. электронды құралдарды қолдануға қатаң тыйым салынды.
Байқауда барлығы 6 оқытушы бақ сынап, олардың жұмыстары келесі аударма сапасын бағалау критерийлері бойынша бағаланды: аударманың толыққандылығы бойынша; баламалылығы бойынша; мақала атауының аудармасы; қысқартылған атаулардың аудармасы; жалқы есімдердің аудармасы; шетелдік компаниялар және т.б. атауларының аудармасы.
Аударма жұмыстары ТДБ аудармашылары мен мамандарынан тұратын сарапшылар тарапынан талданып, үздіктер анықталды. Сарапшылар қорытындысына сәйкес 1-орын Филология факультетінің Гуманитарлық мамандықтарға арналған шет тілі кафедрасының оқытушысы А.О.Каликуловаға бұйырса, 2-орын Филология факультетінің Ағылшын тілі білімі кафедрасының оқытушысы А.Д.Бейсенбаеваға, 3-орын «Ауылшаруашылық ғылымдары» жоғары мектебінің Агротехнология кафедрасының аға оқытушысы Е.А.Алжановқа берілді. Үздік деп танылған жұмыстар арнайы алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қалған қатысушыларға арнайы алғыс хаттар табыс етілді. Жеңімпаздарымызды шын жүректен құттықтай отырып, алдағы еңбек жолдарында толағай табыс тілейміз!