Жаңалықтар
Болашаққа басталған баспалдақтың бағыты – Жастар жылында «ЖЕТІМДІ ШЕТТЕТПЕЙІК - ШЫМҚАЛА!» атты М.Әуезов атындағы ОҚМУ жастарының қала халқына ҮНДЕУІ!
- Қаралды: 425
«Жетім» деген сөз қазақ халқына жат, дегенмен қазіргі таңда қоғамдағы ең бір етек алып отырған өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны ешкімге жасырын емес. Не себепті қоғамда жетім балалар көбеюде? Бұл сұрақтарға жауап алу қиын, жауап алсақ та одан қорытынды шығару мүмкін емес. Қазақта «Жетім көрсең жебей жүр», «Жетімнің көз жасы удан да ащы» деген сөздеріне қарамастан жетім мәселесі күрделеніп келе жатқаны жасырын емес. Сол себепті жастардың бойында қайырымдылық сезімін ұялатып, өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеп, тағдыр тәлкегіне ұшырап, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға қоғамның назарын аударту үшін, осы үндеуді жариялап отырмыз.
Қазіргі кезде жетім баланың жарым көңіліне қуаныш сыйлап, баланы өз қамқорлығына алып, оларға ата-аналық махаббатын сыйлаған жандар баршылық. Соның бірі СІЗ де болуыңыз мүмкін! Ол үшін Елбасымыз үкіметтен қолдаулар көрсетіп те отыр.
«Балам-бағым, балам-болашағым» - дейді дана қазақ. Мұхит асып кеткен қандастарымыздың арасында келешекте ұлы барыс елінің тұтқасын ұстар Ахметтер мен Ілиястардың, Сәкендер мен Мағжандардың шықпасына кім кепіл!? Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев әрдайым мұны назардан тыс қалдырмаған, кешегі Жастар жылының ашылу салтанатында да осыған тоқтала кетті. Сондықтан да періштедей бейкүнә сәбилерімізге қамқорлық көрсетіп, бар мейірімізді төгуден шаршамайық! Жетімдерімізді жылатпайық, ағайын!
Біз, М.Әуезов атындағы ОҚМУ жастары, «жетімсіз» қоғамның «нөлдік» төзімділік жағдайын туғызуға, жетімдерді қолдау мәдениетін насихаттауға және жеке құқықтық сауаттылықты арттыра отырып, адамгершілік тұрғыдан жетімдерді ұдайы түрде қолдауға шақырамыз.
Жастар жылында – жастарға қолдау көрсету мен қатар жетімдерімізді де жебей жүрейік! Жетімдер үйінде қаншама балалар тәрбиеленуде, ата-ананың, ағайын-бауырдың ешқандай мейірімін көрместен, қоғамнан қалыс қалып жатқан жастарымызда бар. Барлығымыздың отанымыз бір, елімізде дүниеге келген әр бір сәби біздің ұл-қыздарымыз, біздің отандасымыз дей келе, осы үндеуді жариялаймыз!
- Жетімін жылатпаған, қарттарын қадірлеген қоғамды бірге жаңғыртайық!
- «Жетімдер үйі» Қазақстандақтарға тән емес, осы бір елімізге қажетсіз ұғымнан арылайық, жетімдер үйінің көбеюіне жол бермей, керісінше олардың санын жоюымыз қажет!
- Жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан жастарға білім алуға барынша бірлесе отырып жағдай жасайық!
- Жетімдер үйінен шыққан жастардың қазіргі нарықтық экономика заманында жұмысқа орналысып, белгілі бір кәсіппен айналысуына қол ұшымызды берейік!
- Баласыз, сәби иісін аңсап жүрген қаншама отбасылар бар, жетімдер үйінде осы ата-аналардың мейірімін күтіп отырған қаншама жас буындар бар, соларды асырап алып, бақыт сыйлайық!
- «Жетімдер үйінде» «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деуге тұрарлық азаматтар көп, соларға бірге қолдау көрсетейік!
- Үкімет тарапынан жастарға көрсетіліп отырған қолдаулардан жетімдер үйінің балаларын қалыс қалдырмайық!
Құрметті, жерлестер! Тарихтан белгілі, біздің ата бабамыз өзі жеп отырған нанының жартысын бөліп беріп, қаншама өзге ұлт өкілдерін аман алып қалып, ұл-қыздарын бауырына басқан! Жетімін жылатпаған, қарттарын қадірлеген қоғамымызды бірге, қайта жаңғыртайық! Үндеуге қосылыңыздар, шымкенттіктер!
Біз - М.Әуезов атындағы ОҚМУ жастары, айтарымыз
«ЖЕТІМДІ ШЕТТЕТПЕЙІК ШЫМҚАЛА»!