Шымкенттің цифрлық болашағы: университет пен қала күш біріктіреді

 Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті мен Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасы цифрлық технологияларды дамыту, ғылыми-инновациялық әлеуетті арттыру және білікті мамандар даярлау бағытында ынтымақтастық орнатты. Тараптар арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.
 
Аталған келісім университеттің білім беру, ғылыми және инновациялық әлеуетін қаланың даму басымдықтарымен ұштастырып, Шымкенттің цифрлық трансформация үдерісіне ғылыми және технологиялық тұрғыдан қолдау көрсетуге бағытталған. Меморандум аясында ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект салаларында білікті кадрлар даярлау, бірлескен қолданбалы зерттеулер жүргізу, заманауи цифрлық шешімдер әзірлеу және университет ғалымдарының ғылыми жобаларын тәжірибеде сынақтан өткізу көзделген.
 
Кездесу барысында Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов цифрлық технологияларды дамытуда ғылыми және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастық орнатудың маңыздылығына тоқталды. «Қаланың цифрлық трансформациясы – технологиялық жаңғырту ғана емес, ол басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған кешенді үдеріс. Осы бағытта университеттің ғылыми әлеуеті мен жас мамандардың мүмкіндіктерін пайдалану біз үшін маңызды. Бірлескен жобалар нақты нәтижелерге қол жеткізуге жол ашады», - деді Мұхит Кемелов.
 
Өз кезегінде университет Басқарма төрағасы – ректоры Мұхтар Төлеген жоғары оқу орнының міндеті сапалы білім берумен ғана шектелмей, өңірдің әлеуметтік-экономикалық және технологиялық дамуына да белсенді үлес қосу екенін атап өтті. «Бүгінгі таңда университет ғылым мен өндірістің, білім мен практиканың арасындағы байланысты нығайтуы қажет. Әсіресе жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан кезеңде ғылыми әзірлемелерді нақты жобаларға айналдырудың маңызы зор. Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасымен орнатылған әріптестік осы мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Біз өзіміздің ғылыми әлеуетімізді қаланың өзекті мәселелерін шешуге бағыттауға және бірлескен бастамаларды нақты нәтижелермен ұштастыруға дайынбыз», - деді Мұхтар Әділбекұлы.
 
Жаңа әріптестік білім алушылар үшін де бірқатар мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтқанда, студенттердің кәсіби құзыреттерін дамыту, өндірістік тәжірибеден өту, цифрлық жобаларға қатысу және болашақ жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату бағыттарында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар әкімдік пен оған қарасты ұйымдар қызметкерлерінің цифрлық сауаттылығы мен кәсіби құзыреттерін арттыру бойынша бірлескен білім беру бағдарламалары мен тәжірибелік іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда.
 
Айта кетейік, университет пен қалалық басқарма арасындағы ынтымақтастық жоғары білім мен ғылымның әлеуетін өңірлік даму міндеттерімен байланыстыруға, инновациялық бастамаларды қолдауға және Шымкенттің заманауи цифрлық экожүйесін қалыптастыруға бағытталған.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@auezov.edu.kz


Please publish modules in offcanvas position.