Ғылым елдерді біріктіріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Бельгия Королі мен Патшайымының Қазақстанға сапары және осы сапар аясында өтіп жатқан ректорлар форумы екі ел арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығына тың серпін беруде. Бұл – академиялық байланыстарды нығайтуға, ғылыми-зерттеу әлеуетін біріктіруге және бірлескен бастамаларды дамытуға зор мүмкіндік.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті Бельгияның Гент университетімен ғылыми әріптестікті  дамытып келеді. Бұл ынтымақтастықтың ерекше құндылығы – университетіміздің түлегі Назерке Амангелдінің екі жоғары оқу орнының зерттеушілері арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлесінде.
Назерке 2019 жылы Мұхтар Әуезов атындағы университетте «Агрохимия» бағыты бойынша бакалавр дәрежесін, ал 2022 жылы Гент университеті, Вена табиғи ресурстар және қолданбалы өмір туралы ғылымдар университеті мен Гёттинген университеті бірлесіп жүзеге асыратын IMSOGLO бағдарламасы аясында «Топырақ биогеохимиясы және жаһандық өзгерістер» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды.
Қазіргі таңда ол Гент университетінің докторанты және NUTRIBUDGET жобасы аясында биологиялық негіздегі тыңайтқыштарды қолдану, дәлме-дәл егіншілік және топырақты проксималды зондтау әдістері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуде.
Түлегіміздің Әуезов университетінен халықаралық ғылыми зерттеулерге дейінгі жетістік жолы жаңа ғылыми байланыстарды дамытудың маңызды көпіріне айналды. Оның ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі туған университетінде алған білімі мен халықаралық тәжірибесінің бірлескен ғылыми жұмыстарға кең мүмкіндіктер ашатынын көрсетеді.
Қазіргі уақытта бельгиялық әріптестермен бірлесіп, Horizon Europe бағдарламасы аясында RESILIENT-AGRO жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Гент университеті тарапынан ғылыми жетекші – қоршаған орта кафедрасының PreSco дәлме-дәл топырақтану және өсімдік шаруашылығы зерттеу тобының жетекшісі, профессор Абдул Муазен.
Жобаның негізгі бағыттары – климаттың өзгеруіне төзімді ауыл шаруашылығын дамыту, топырақ құнарлылығын сақтау, су ресурстарын тиімді пайдалану, сондай-ақ құрғақшылық пен тұздану жағдайында амарант пен күнжіт өсіру.
Жоба аясында цифрлық технологияларды қолдану және аталған дақылдарды кешенді өңдеу көзделген. Атап айтқанда, олардан функционалдық тағамдық ингредиенттер мен биологиялық ыдырайтын қаптама материалдарын өндіру мүмкіндіктері қарастырылады.
Түлектер жетістігі – университетаралық әріптестікке, бірлескен ғылыми идеялар – қоғам игілігіне бағытталған нақты шешімдерге жол ашты.
 
Осындай ғылыми байланыстар Әуезов университетінің халықаралық ғылыми кеңістіктегі беделін арттырып, ғалымдардың күш-жігерін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен орнықты болашақ қалыптастыру жолында біріктіреді.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@auezov.edu.kz


Please publish modules in offcanvas position.