Ғылыми кеңес отырысында университеттің даму перспективалары талқыланды

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті.
Отырыс басталар алдында бірқатар оқытушы-профессорларға және жас ғалымдарға ғылыми атақтары мен дәрежелерін растайтын құжаттар салтанатты түрде табысталды. Атап айтқанда, «профессор», «қауымдастырылған профессор (доцент)» ғылыми атақтарына ие болған оқытушыларға аттестаттар, ал философия докторы (PhD) дәрежесін иеленген жас ғалымдарға дипломдар берілді.
Ғылыми кеңестің күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша университет Басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Төлеген «Университеттің 2025-2026 оқу жылындағы қызметінің қорытындылары және даму перспективалары туралы» баяндама жасады.
Баяндама барысында өткен оқу жылындағы университет қызметінің негізгі нәтижелеріне жан-жақты талдау жасалып, білім беру, ғылым, халықаралық ынтымақтастық және басқа да стратегиялық бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар сараланды. Сонымен қатар университеттің алдағы кезеңдегі даму басымдықтары мен стратегиялық міндеттері айқындалды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Қабылдау комиссиясының 2026 жылғы жұмысының нәтижелері және 2026-2027 оқу жылына арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы» тақырыбына арналды. Кеңес барысында қабылдау комиссиясының атқарған жұмыстарының нәтижелері талқыланып, жұмыс жоспары бекітілді.
Ғылыми кеңес отырысында университеттің QS World University Rankings халықаралық рейтингіндегі көрсеткіштерін одан әрі жақсарту, сондай-ақ түлектердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы бағыттар бойынша нақты іс-шараларды қамтитын Жол карталарын әзірлеп, жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерін ведомстволық және мемлекеттік марапаттарға ұсыну, монографияларды басып шығаруға ұсыну, факультеттер құрылымын оңтайландыру, жаңа диссертациялық кеңес ашу, Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының Этикалық комиссиясының жаңа құрамын бекіту және басқа да маңызды мәселелер қаралды. 
Ғылыми кеңес отырысын қорытындылаған Басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Төлеген университеттің білім беру сапасын одан әрі жетілдіру, әлемдік рейтингтердегі позицияларын арттыру, өңірдің қажеттіліктерін ескере отырып, түлектердің жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, кәсіби бағдар беру жұмыстарын күшейту және талапкерлерді тарту, білім алушыларға жан-жақты қолдау көрсету бағыттарындағы міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Ғылыми кеңес барысында белгіленген міндеттер университеттің стратегиялық даму бағыттарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru


Please publish modules in offcanvas position.