Жаңалықтар
Бейбіт күннің батырлары – Әуезов университетінде
- Қаралды: 9
Ел тыныштығы – ең үлкен байлық. Ал сол тыныштықты күзетіп, ел қауіпсіздігі жолында жанқиярлық танытып жүрген азаматтардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Осы мақсатта М.Әуезов атындағы ОҚУ-да жастарға патриоттық рух сыйлаған «Бейбіт күннің батырлары» атты тағылымды кездесу өтті. Студенттер Ұлттық ұланның ержүрек офицерлері – 6506 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының көмекшісі, майор Ербол Отарбаев және 6698 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының көмекшісі, капитан Сырым Сүндетовпен жүздесті.
Майор Ербол Отарбаев 2010 жылы қатаң режимдегі түзеу мекемесінен қашуға әрекет жасаған қылмыскерлердің жолына жалғыз өзі тосқауыл қойып, ерлік көрсеткен. Осы батылдығы үшін III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Осы ерлігінің негізінде «Алтыншы бекет» көркем фильмі түсірілген.
Ал капитан Сырым Сүндетов 2016 жылы Ақтөбедегі әскери бөлімге жасалған лаңкестік шабуыл кезінде асқан ерлік танытып, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері атанған.
Кездесу барысында қонақтар әскери қызметтің жауапкершілігі, Отанға адал қызмет етудің маңызы туралы айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Ашық және еркін форматта өткен кездесуде студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, батырлармен тікелей тілдесу мүмкіндігіне ие болды.
Кездесуге сондай-ақ Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Жансерік Жұман қатысып, мұндай тағылымды іс-шаралардың жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
Іс-шара соңында 6506 әскери бөлімінің оркестрінің орындауындағы патриоттық әндер кездесудің ажарын ашып, қатысушыларға ерекше жігер сыйлады.












