Жаңалықтар
Ел ертеңі – ғылым, білім және жаһандық құндылықтар сабақтастығы
- Қаралды: 19
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының басым бағыттарын түсіндіруге бағытталған мазмұнды кездесу өтті.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Е.Ж. Тұяқбаев, Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Б.Р. Парманов, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Ә.Рахманұлы және ҚР Ұлттық экономика министрлігі Арнайы бағдарламалар комитетінің төрағасы Б.М. Сыздықов университеттің ғылыми қауымдастығы және студент жастармен жүздесті.
Кездесуді университеттің Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Рыскүл Құдретуллаева жүргізді.
Жиын барысында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған ел дамуының стратегиялық басымдықтары, әлеуметтік-экономикалық жаңғыру, еңбек нарығын дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту мәселелері сөз болды.
Сондай-ақ ғылым мен жоғары білім саласын дамыту, отандық ғылыми әлеуетті арттыру, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізу, инновациялық технологияларды қолдау және жоғары білім сапасын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, Жолдаудың ғылым мен білім саласындағы маңызы, жаһандық құндылықтар мен заманауи қоғамның даму үрдістері жөнінде абайтанушы, жас ғалым Әзімхан Исабек арнайы сөз сөйлеп, өз пайымын ортаға салды. Ол ғылым мен білімнің елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы, ұлттық зияткерлік әлеуетті қалыптастырудағы және жаһандық өзгерістерге бейімделудегі маңызын атап өтті.
Ал университет Жастар орталығының басшысы Ерасыл Анарханұлы жастарды қолдау, олардың әлеуетін ашу, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар цифрлық дәуірдегі жастардың білімі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың өзекті бағыттары жөнінде пікір білдірді.
Кездесу барысында қонақтар өз салалары бойынша маңызды міндеттерге тоқталып, Жолдауда көтерілген бастамалардың ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті. Ғылыми қауымдастық пен студент жастар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ашық пікір алмасу өрбіді.









