Жаңалықтар
QS ПРЕ-САММИТ: ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУ КӨШБАСШЫЛАРЫ АРАСЫНДАҒЫ ПІКІРТАЛАС АЛАҢЫ
- Қаралды: 129
2024 жылдың 1 қарашасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «QS Higher Education: Asia Pacific 2024» пре-саммиті өтті. Бұл шара жоғары білімді дамытуға арналды және QS Азия-Тынық мұхиты саммитінің 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылды.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы-ректордың м.у.а. Ғани Бесбаев пре-саммитке қатысты. Іс-шараның спикерлері: QS Quacquarelli Symonds талдау агенттігінің Бас коммерциялық директоры Джейсон Ньюман, ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ЕАЭО елдеріндегі клиенттермен серіктестік жөніндегі және QS Жаһандық үкіметіндегі аймақтық директоры Сергей Христолюбов, сондай-ақ әлемнің 150 елінен 350 жоғары оқу орнының басшылары болды.
Пре-саммит озық тәжірибелер мен идеялармен алмасу, әлемдік жоғары білім беру сапасын жақсартуға және ресурстарды жұмылдыруға бағытталған негізгі үрдістер мен стратегияларды анықтау алаңына айналды.
Іс-шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық университеттердің жоғары білім және ғылым саласын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы баяндама жасады. Министр QS әлемдік рейтингінде 21 қазақстандық ЖОО қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатқанын атап өтті. Өз кезегінде, QS Quacquarelli Symonds сараптама агенттігінің коммерциялық бас директоры Джейсон Ньюман рейтингте жоғары орынға ие болған қазақстандық жоғары оқу орындарының басшыларына естелік сертификаттар табыс етті.
Пленарлық отырыс аяқталғаннан кейін білім беру көшбасшыларының пікірталастары "Білім беру саласына жаһандық мақсаттарды интеграциялау", "Жаһандық байланыстар", "Навигациялық технологиялар: жасанды интеллект және жаңа технологиялар саласындағы үздік тәжірибелер" секциялары шеңберінде жалғасты.
Азия-Тынық мұхиты аймағында жоғары білім беру мәселелері бойынша QS саммиті 5-7 қарашада Макаода өтеді. QS саммитінің қорытынды кеңесі Гонконгта 8 қарашаға жоспарланған.