Жаңалықтар
Рухани достықтың дәнекері
- Қаралды: 397
Күні кеше Шетел студенттерімен жұмыс жүргізу және ЖОО дейінгі дайындық факультетінің ұйымдастыруымен оқу орнымыздың 7-корпусында «Қазақстан мен Түрікменстан: бейбітшілік пен даму жолындағы ынтымақтастық» тақырыбында тәрбиелік мәні зор тағылымды іс-шара өтті. Түркіменбашының елімізге ресми сапарына тұспа-тұс келген бұл шараның ашылу салтанатында сөз алған университетіміздің проректоры Сембиев пен факультетіміздің деканы, тарих ғылымдарының докторы С. Әлібек футбол турнирі мен түркімен күресі сайысының жеңімпаздарын марапаттады.
Кеш барысында Махтымкулы Фраги мен Абайдың өлеңдері қазақ, орыс, түркімен тілдерінде оқылып, бауырлас елдер арасындағы рухани бірліктің үлгісі шынайы көрініс тапты.
Факультетіміздің өнерлі өрендері дайындаған концерттік бағдарлама барысында «Қаракөз» ансамблі халқымыздың ұлттық билерін тамаша орындаса, «Дагдан» би тобы «Кушдепти» түркімен биін көрерменге тарту етті. Сондай-ақ, факультетіміздің талантты студенттері Б. Базаргулыевтың «Аркадаг», А. Бешимовтың, Г. Ходжаниязованың түркімен тіліндегі әндері өз тыңдаушыларын тауып жатты. Жалпы концерттік бағдарлама жоғары деңгейде өтіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Одан бөлек шара барысында Азиада мен EXPO – 2017 көрмесіне арналған арнайы көрме ұйымдастырылып, ұлттық киімдегі ұл-қыздарымыз қонақтарды ұлттық тағамдарымызбен таныстырып, бай дастарханымыздан дәм татуға шақырды. Ал осы игі іс-шара аясында ұйымдастырылған дөңгелек үстел Тәуелсіз Түркіменстанның кешегісі мен бүгінгісінен шыр шертетін қысқаметражды фильмді тамашалаудан бастау алып, факультет басшысы қатысушыларға ақ жол тілеп, баяндамашыларға кезек берді.
Шындығында екі ел жастарының бір-бірімен етене жақындасуына шынайы достықты қалыптастыруына игі ықпал ететін мұндай шаралардың берері көп. Алдағы күнде де осы тәрізді ауқымды шаралар өз жалғасын таба беретіндігіне де сеніміміз мол.