Дін мен дәстүр –тәрбие бастауы

Таяуда факультетімізде «Дін мен дәстүр –тәрбие бастауы» атты танымдық кеш өтті. Аталған іс-шараға өңіріміздегі «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің қызметкері, дінтанушы Халықов Медет Мұзапбарұлы, теолог маман Құралай Даниярқызы Жулшиева және «Қарабура» мешітінің найб имамы Серік Балтабаев, университетіміздің аға тәлімгері Сембай Бейсенбаев, студенттеріміз бен тыңдаушыларымыз, оқытушылар қауымы қатысты. Олар өскелең ұрпақты жат ағымдардың арбауынан сақтап, хақ дініміз туралы дұрыс мәлімет берудің маңыздылығына тоқтала келе, жастарымызға рухани азық боларлық әңгіме өрбітіп, келелі кеңестің көрігін қыздырып отырды.Мәселен, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесінің маманы Халықов Медет Мұзапбарұлы бай рухани мұрамызды, ұлттық асыл қасиеттерімізді, халықымыздың діни наным-сенімі мен атадан балаға мирас болған салт-дәстүрлерімізді өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттауға  шақырды.

Өз кезегінде «Қарабура» мешітінің имамы С.Балтабаев дәстүрлі дініміздің адамгершілік пен қайырымдылықтың, ізгілік пен мейірбандықтың ұйтқысы екендігін баса айтып, көрермендерге ой тастады. Ал университеттіміздің аға тәлімгері С.Бейсенбаев дін мен дәстүрдің бір-бірінен ажырамас егіз ұғымдар екендігін талдап-түсіндіре келе, осындай мән-маңызы ерекше игі шаралардың тыңдаушылар мен студенттерге берері көптігіне айрықша тоқталды.

Тыңдаушылар да кезегі келгенде дін өкілдеріне көкейінде жүрген түйткілді сауалдарын жолдап, тұщымды жауаптар ала алды.

Кеш барысындағы факультетіміздің өнерлі өрені  Базарбек Нұржанаттың нақышына келтіре орындаған термесі көпшілік көңілінен шықса, Жаңабай Бақашардың сиясы кеуіп үлгермеген жаңа жырлары тыңдармандарды бір серпілтіп тастады.

Кешті факультетіміздің бас маманы Н.Абилхайыров қорытындылап, келген қонақтарға ұжым атынан дән ризашылығын жеткізуімен бірге оларға құнды кітаптар тарту етті.


Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru

info@auezov.edu.kz

Please publish modules in offcanvas position.