Жаңалықтар
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ АЯСЫНДА ЖАҢА ІС-ШАРА БАСТАЛДЫ
2026 жылғы 14 қыркүйек күні М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің «Тоқыма және тамақ инженериясы» жоғары мектебіне қарасты «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы және қауіпсіздігі» кафедрасында Малайзиядан келген шетелдік ғалымдар – профессор Farah Saleena Binti Taip және профессор Rosnita A. Talib қатысуымен академиялық іс-шара бастау алды.
Іс-шараның басты мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы халықаралық ғылыми тәжірибені білім алушыларға таныстыру, заманауи зерттеу бағыттарын талқылау және академиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту.
Іс-шара аясында шетелдік профессорлар магистранттар мен докторанттарға азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталған өзекті мәселелер бойынша дәрістер өткізуде. Кездесу барысында тағам өнімдеріндегі ықтимал қауіп-қатерлерді анықтау және бағалау, контаминацияның алдын алу, өнім сапасын бақылау, сондай-ақ азық-түлік тізбегінің әр кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тәсілдері жан-жақты қарастырылуда.
Сонымен қатар, білім алушылар шетелдік мамандардың ғылыми тәжірибесімен танысып, азық-түлік қауіпсіздігі бағытындағы заманауи зерттеу әдістері бойынша өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алуда. Академиялық кездесу барысында ғылыми пікір алмасу мен тәжірибе бөлісуге ерекше көңіл бөлінуде.
Малайзиялық ғалымдардың университетке келуі – халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтып, білім алушылардың кәсіби және зерттеушілік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Мұндай кездесулер отандық және шетелдік ғалымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.
powered by social2s





