Табиғат аясындағы сабақ – жас ұрпаққа тәрбие мектебі

 «Техникалық мамандықтар үшін практикалық орыс тілі» кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к. Г.Қ. Алтынбекованың жетекшілігімен «Ақпараттық технологиялар және энергетика», «Сәулет, құрылыс және көлік» жоғары мектептерінің студенттері ерекше табиғи орын – дендро саябағына танымдық сапар жасады.
1979 жылы ашылған бұл саябақ бүгінде өңіріміздің мақтанышына айналған. Мұнда 350 мыңнан астам түрлі өсімдіктер өсіп, табиғаттың сан алуан сұлулығын паш етіп тұр. Саябақта еліміздің және көрші мемлекеттердің белгілі тұлғалары – Д.Қонаев, И.Каримов және басқа да еңбек пен ғылым қайраткерлері отырғызған шынар ағаштары биіктей бой түзеп, жас ұрпаққа өнеге боларлықтай мәңгілік із қалдырған.
Студенттер сирек кездесетін әрі «Қызыл кітапқа» енген ағаш түрлерін көріп, ерекше әсер алды. Әсіресе суда ондаған жыл сақталып, кейіннен кеме мен қайық жасауға пайдаланылатын емен ағашының қасиеті бәрін таң қалдырды. Сондай-ақ, шірімейтін қасиетімен ерекшеленетін қараағаштың да табиғи артықшылықтары жайлы қызықты мәліметтер айтылды.
Күзгі саябақтың көрінісі көздің жауын алады. Сарғыш жапырақтар төгілген ағаштар мен көл бетінде еркін жүзіп жүрген үйректер табиғаттың мінсіз үйлесімін көрсетеді. Бұл көрініс нағыз суретшінің қолымен салынғандай әсер қалдырады. Аққайыңдардың нәзік сұлулығы мен алтын түске боялған орман көрінісі студенттердің бойында туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін арттырды.
Мұндай танымдық сапарлар жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың бойында табиғатты аялау, туған өлкенің сұлулығын бағалау сезімін оятады. Дендросаябақта серуендеп, таза ауа жұтып, ерекше шабытқа бөленген студенттер бұл күнді ұзақ уақыт ұмытпасы анық.


Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru

info@auezov.edu.kz

Please publish modules in offcanvas position.