Жаңалықтар
УНИВЕРСИТЕТТЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС АРНАЙЫ КАБИНЕТІ АШЫЛДЫ
- Қаралды: 20
Бүгін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті мен Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті арасында екіжақты меморандумға қол қойылды. Енді тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау бағыты бойынша білім алушылар теориялық білімді практикалық тұрғыдан нығайтады. Іс-шараға университеттің бірінші проректорының м.у.а Құрманғалы Сарықұлов және Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Каракозев қатысты.
– Университетте «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» кафедрасында 1991 жылдан бері мамандар даярлануда. Осы күнге дейін үш деңгейлі білім беру бағдарламасымен 1000-нан астам бакалавриат, 150-ден астам магистрант мен PhD докторанттар бітіріп шықты. 2024 жылы үш деңгейлі білім беру бағдарламасы халықаралық аккредитациядан өтті. Бұл –үлкен жетістік. Айта кету керек, университет пен төтенше жағдайлар департаменті арасындағы ынтымақтастықтың маңызы зор. Алдағы уақытта азаматтық қорғаныс саласында даярланатын студенттер тек теориялық қана емес, практикаға бейімделген бағытта білім алады,- деп атап өтті Құрманғалы Сарықұлов.
Ынтымақтастық аясында оқу ордасында азаматтық қорғаныс арнайы кабинетінің лентасы салтанатты түрде қиылды. Кабинет департамент тарапынан арнайы құрал-жабдықтар, нұсқаулықтар және өзге қажетті заттармен жабдықталған. Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаменті мамандары өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың апат аймағында қолданатын құрал-жабдықтары қойылған көрме ұйымдастырды. Ары қарай ғалымдар мен сала мамандары азаматтық қорғаныс бағытында семинар-тренингте басқосты.
Сонымен қатар 1 наурыз – Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні. Сала мамандарын, «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамын кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!