БІЛІМ БИІГІНЕН КӨРІНГЕНДЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздары марапатталып және олардың жетекшілеріне құрмет көрсетілді. «AUEZOV UNIVERSITY»: БІЛІМ КӨШБАСШЫЛАРЫ - 2024» атты жеңімпаздар үшін арнайы ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада республикалық додаларда топ жарған оқу ордамыздың 100-ге жуық студенті Алғыс хатпен марапатталды.

Жыл сайын еліміздің Астана, Алматы және өзге қалаларының жетекші ЖОО-да дәстүрлі пәндік олимпиадалар ел экономикасының өзекті салалары болып табылатын машина жасау, жылутехникасы, тоқыма, азық-түлік өнімдерінің технологиясы, туризм, су ресурстары және суды пайдалану, аграрлық техника және технология, агрономия, психология, жаратылыстану, геотехника, режиссура, сәндік өнер, кәсіптік оқыту және т.с.с. пәндерін қамтиды.

Салтанатты жиында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма Төрағасы–ректор м.у.а. Қайрат Нұрманбетов құттықтады.

–Студенттерге өзі таңдаған мамандығы бойынша республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпазы болудан асқан мәртебе жоқ деп ойлаймын. Еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын қаншама студенттің арасынан білім додасында топ жарып, жоғары білімділік деңгейі мен құзыреттіліктерін көрсеткен студенттерімізді шын жүректен құттықтаймын! Техникалық, гуманитарлық және шығармашылық бағыттардағы білім бағдарламалары аясындағы пәндер бойынша Әуезов университетінің 97 білім алушысы жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда, 26 студент – І орын, 20 студент – ІІ орын, 51 студент ІІІ орын алып, оқу ордамыздың абыройын асқақтатып отыр. Сіздерді білім бәсекесіне даярлаған жетекшілеріңізге де айтар алғысымыз көп, - деп Қайрат Еңбекшіұлы барлық жеңімпаздарға жүрекжарды тілегін жеткізді.

Жеңімпаздар үшін арнайы ұйымдастырылған шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, қатысушыларға ерекше атмосфера сыйлады.

2023-2024 оқу жылындағы республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздарына университеттің Түлектер ассоциациясы қоры демеушілік көрсетіп, «Mega Planet» сауда орталығындағы «Kinopark» кинотеатрында Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Соңғы үкім» атты кинокөрсетілім ұйымдастырылды.

Барлық жеңімпаздарды шын жүректен құттықтай отырып, алға қойған мақсаттарына сарқылмас сәттіліктер серік болсын демекпіз!

 


Егер Сіз қатені байқасаңыз, мәтін бөлігін таңдап, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru

info@auezov.edu.kz

Please publish modules in offcanvas position.