Жаңалықтар
Киелі жерлерге саяхат
- Қаралды: 572
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығында Өзбекстаннан келіп білім алып жатқан қандас-бауырларымызбен қоса шетелден келіп қазақ тілін үйреніп жатқан ұлты ағылшын, неміс тыңдаушыларымыздың да бар екені белгілі.
Шетелдіктерге Қазақстанның киелі жерлерін көрсету мақсатында 10 наурыз күні дайындық орталығының басшысы Камалдинов Рахымбектің бастауымен шетелдік тыңдаушылар және қандас-бауырларымыздың бірнешеуі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен Отырардағы Арыстан баб кесенесіне саяхаттап барды. Дайындық орталығының оқытушылары Үсіпов Асан, Сыздық Жанат, Қасымхан Ғалым саяхат барысында шетелдіктерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырды.
Шетелдік тыңдаушылар Түркістандағы салынғанына жеті ғасыр болған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің құрылыстарына таңырқай қарап, кесене тарихы туралы айтылған деректерге құлақтарын түрді. Бабтардың бабы Арыстан бабтың Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы болғаны жайында айтылған аңыздарды естіп, сүйінген тыңдаушылар кесене алдындағы құдықтан су ішіп, оның тұзды болса да, емдік қасиеті бар екенін естігенде қайран қалысты. Сонымен қатар, Түркістандағы жаңадан салынған «Керуен сарайы» туристік кешеніндегі әсем құрылыстарды, көркем көріністерді қызыға тамашалады. Тыңдаушылар саяхат барысындағы көңіл-күйлерін, саяхттауға мүмкіндік жасаған оқу орындарындағы оқытушылар қауымына алғыстарын білдірді.