Жаңалықтар
Алғашқы қадам: М.Әуезов атындағы ОҚУ-да жаңа қабылданған студенттер университет табалдырығын аттады
2026 жылғы 1 қыркүйекте М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Тарих және педагогика» мен «Аграрлық» факультеттері бірлесіп, «Білім күні» мерекесіне арналған салтанатты шара өткізді. Шара 2026–2027 оқу жылында білім алуға қабылданған 1-курс студенттерін қарсы алуға бағытталды.
Мерекелік көрініспен безендірілген №9 оқу ғимаратының алдындағы алаңның екі қапталына факультеттердің жаңа студенттері мен топ тәлімгерлері, төрге кафедра меңгерушілері және профессор-оқытушылар құрамы тізілді. Салтанатты жиынды факультет декандары Г.Р. Тастанбекова мен Қ.М. Уразбаев ашып, енді ғана студент атанған жастарға және бүкіл студент қауымына ізгі тілектерін арнады.
Мерекені студенттік актив жүргізіп, жиналған қауымға кафедра меңгерушілерін таныстырды. Жаңа қабылданған студенттермен бірге сахнаға шыққан белсенділер ән шырқап, би билеп, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Жиын соңында студенттер арнайы төселген қызыл кілемнің үстімен алғашқы қадамдарын басып, есігі айқара ашылған университет ғимаратына кірді. Белгіленген дәрісханалардағы алғашқы кездесуде, жастар факультет басшылығымен, кафедралардың профессор-оқытушылар құрамымен жақынырақ танысып, факультет өмірі мен оқу талаптары туралы бастапқы мағлұмат алды.
Мерекелік бағдарлама кешке спорт сарайында жалғасады: студент атанған жастардың көңілін көтеру мақсатында, өнер жұлдыздары шырқайтын концерт ұйымдастырылып, оған жаңа қабылданған студенттер шақырылды.







