Жаңалықтар
ТҰЛҒАЛАР ТАҒЫЛЫМЫ – ЕЛ ЖАДЫНДА
2025 жылғы 29 сәуірде сағат 10:00-де Шымкент қаласы Оқушылар сарайында Шымкент қаласы Білім басқармасы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Жеңістің 80 жылдығына орай тарихи тұлғалардың ерлігі мен еңбегін дәріптеген «Тұлғатану тарихи тағылымдары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция жұмысына М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жолдыбаев Жомарт Тоқмырзаұлы қатысып, «Жеңіс тарихы ұмытылмайды» тақырыбында пленарлық мәжілісте баяндама жасады.
Іс-шара барысында майдангерлердің өмір жолы мен соғыс салдарлары жайлы тың деректер ұсынылып, боздақтар бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Жиынның мақсаты – өскелең ұрпаққа тарихты терең таныту, ерлік пен елдікке тағзым етуге баулу. Жеңістің 80 жылдығы аясында ұйымдастырылған бұл конференцияда қазақстандық жауынгерлердің майдандағы ерлігі мен ел басына түскен ауыр жылдардағы шынайы тарихи деректерге негізделген зерттеулердің ғылыми-тәжірибелік, танымдық маңызы кеңінен насихатталды.
Тарихи деректерге сәйкес, Оңтүстік өңірінен майданға 140 мыңнан астам азамат аттанып, Жеңіске сүбелі үлес қосқан. Олардың ерен ерлігі – ел жадында мәңгілік.