Жаңалықтар
Талапкерлерге арналған Ашық есік күні ұйымдастырылды.
2025 жылдың 30 сәуір күні университеттің кәсіби бағдар беру жоспарына сәйкес Шымкент қаласы және Түркістан облысы, Түлкібас ауданының бітіруші мектеп түлектеріне арналған «Тарих және педагогика» факультетінің АШЫҚ ЕСІК КҮНІ ұйымдастырылды. Іс-шара сағат 10:00-де М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің №9 оқу ғимаратындағы акт залында өтті.
Қазіргі заманғы кәсіби бағдар беру жұмыстары — бұл бір жағынан адамның жеке қабілеті мен қажеттіліктерін, екінші жағынан еңбек нарығының талаптарын ескере отырып, жастарды мамандықты дұрыс таңдауға бағыттау жүйесі болып табылады.
Іс-шара барысында «Тарих және педагогика» факультетінің деканы Уразбаев Құрманғали Мархабатұлы факультет мүмкіндіктері жөнінде мазмұнды баяндама жасады.
Сондай-ақ кәсіби бағдар беру орталығының маманы Қайықбаев Мейірбек Жұмабайұлы 2025–2026 оқу жылындағы ҰБТ-ның өзгерістері мен ерекшеліктері туралы мәлімет ұсынды.
Факультет түлектері мен жұмыс беруші қонақтар — Шымкент қаласындағы «Askar» зияткерлік мектебінің директоры Тотикова Гүлдана Арыстановна, «INNOVATION PSYCHOLOGY» республикалық қоғамдық қорының құрылтайшысы әрі басқарма төрайымы, университет түлегі Вероцкая Гүлжан Ералықызы және «Болмыс» психологиялық орталығының басшысы Атаева Жанат Қалназарқызы — оқушыларға мамандық таңдаудың маңыздылығына тоқталып, бұл өмірдегі ең жауапты шешімдердің бірі екенін атап өтті.
Сонымен қатар университет пен факультеттің білім беру бағдарламалары, материалдық-техникалық базасы мен оқу үдерісі туралы кафедра меңгерушілері — Ермекбаев Мұхтар Әбенұлы, Отарбаева Гүлжан Көбейқызы, Үсенова Ақкенже Мұқанқызы және факультеттің доценті Джекисбаева Қалияш Оспанқызы жан-жақты ақпарат берді.
Іс-шара факультеттің белсенді студенттері дайындаған ән-бимен әрленіп, талапкерлерге викториналық ойындар ұсынылды. Сондай-ақ ҰБТ-дан жоғары балл жинауға тілектестік білдірілді. Мектеп түлектері тарапынан қойылған сұрақтарға толық жауап беріліп, университет пен факультет жайлы таратпалы материалдар ұсынылды.