Жаңалықтар
Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі: М.Әуезов атындағы ОҚУ Түркиядан келген ғалымдарды қабылдады
- Қаралды: 11
2026 жылғы 02 ақпанда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің басшылығы Эгирдир-Ыспарта қаласындағы (Түркия) Жемістер ғылыми-зерттеу институтының (MAREM) жетекші мамандарының делегациясымен ресми кездесу өткізді. Аграрлық ғылымды дамыту жолдарын талқылауға академиялық мәселелер жөніндегі проректор, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор, ғылыми жұмыс және инновациялар жөніндегі проректор, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, Болон процесі және академиялық ұтқырлық орталығының директоры, Аграрлық факультеттің деканы және «Өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы» кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.
Кездесу барысында тараптар білім беру бағдарламалары мен бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын ықпалдастыру мәселелерін талқылады. Университет басшылығы Түркияның М.Әуезов атындағы ОҚУ-ның агроөнеркәсіптік кешен саласындағы негізгі серіктестерінің бірі болып отырғанын, ал MAREM институтының селекция және қарқынды бау-бақша саласындағы тәжірибесі Қазақстанның оңтүстік өңірі үшін ерекше маңызды екенін, осындай деңгейдегі халықаралық сарапшылармен тікелей диалог біздің университетке білім сапасын жетілдіріп қана қоймай, өңірдегі аграрлық инновациялардың драйверіне айналуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Эгирдердің ғалымдары Аграрлық факультеттің жоғары ғылыми әлеуетін атап өтіп, ұзақ мерзімді өзара іс-қимылға дайын екендіктерін білдірді. Кездесу соңында Ынтымақтастық туралы келісімді әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.









