Жаңалықтар
Аграрлық факультетте ардагер мұғалімнің қатысуымен кураторлық сағат өткізілді
- Қаралды: 7
Ғылым айы аясында 2025 жылғы 23 сәуірде Аграрлық факультетте «Өсімдік және мал шаруашылығы» кафедрасының PhD докторы Төребекова Сағадаттың басшылығымен АП-24-2к тобында ашық кураторлық сағат өтті. Іс-шараға ардагер мұғалім, профессор Д.А. Сыдық; факультет деканы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ҚР ҰАҒА корреспондент мүшесі Г.Р. Тастанбекова; кафедра меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Қ. Жылқыбаев қатысты.
Құрметті қонақты Гүлнәр Тастанбекова таныстырды. Досымбек Сыдық - зерттеуші ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі. Ол ҚазАШИ агрономия факультетін бітірген. Кәсіби қызметін 1974 жылы В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтында бастаған. Ғылыми-зерттеу институттарында ғалым, университетте оқытушы болып жұмыс істеген. 500-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстардың авторы. Оның монографиялары іргелі еңбек болып, егіншілік пен өсімдік шаруашылығы проблемаларына арналған.
Досымбек Әлмаханбетұлы өзінің студенттік өмірі, қалай оқығаны, бос уақытын қалай өткізгені және ғалым агрономның алдағы жұмысы туралы қуана айтып берді. Сұхбат барысында қонаққа көптеген сұрақтар қойылды, олардың жауаптарында талқылауға арналған жаңа тақырыптар ашылды.