Жаңалықтар
2026 жылғы 27 ақпанда AP26101671 «Болашақ шетел тілі мұғалімінің кәсіби құзыреттілігін цифрлық адаптивті оқыту тұрғысынан қалыптастыру әдістемесін әзірлеу» ғылыми жобасын іске асыру аясында жоба орындаушылары мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Техникалық мамандықтарға арналған шетел тілі» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы «New Trends in FLT Training: Digital Adaptive Technologies and AI» тақырыбында халықаралық семинар өткізді. Аталған семинар мектеп және жоғары оқу орны мұғалімдерін, сондай-ақ «Шетел тілі» білім беру бағдарламасы бойынша магистранттар мен докторанттарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесіне цифрлық адаптивті технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын енгізу және ғылыми тұрғыдан негіздеу мәселелеріне арналды. Семинар жұмысына Universiti Putra Malaysia және Universiti Malaysia Pahang Al-Sultan Abdullah университеттерінен қатысқан малайзиялық әріптестер, сондай-ақ Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері белсенді қатысты. Атап айтқанда, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті және басқа да білім және ғылым ұйымдарының ғалымдары мен оқытушылары өз үлестерін қосты. Мұндай халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми ынтымақтастық білім беру саласындағы академиялық байланыстарды нығайтуға, озық тәжірибелер алмасуға және педагог кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруге ықпал етеді.












