Жаңалықтар
2026 жылғы 15 сәуірде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Механика, машина жасау және мұнай-газ ісі» факультетінің «Стандарттау және сертификаттау» кафедрасында "Кәсіби бағыттағы шет тілі" пәнінен «Физикалық шама бірліктері. Халықаралық өлшем бірліктері жүйесі» тақырыбында ашық сабақ өткізілді.
Сабақтың мақсаты – студенттердің физикалық шама бірліктері мен Халықаралық өлшем бірліктері жүйесі (SI) туралы білімдерін қалыптастыру және тереңдету, кәсіби терминологияны шет тілінде меңгеру деңгейін арттыру, сондай-ақ өлшеу, стандарттау және метрология салаларында қолданылатын негізгі ұғымдарды кәсіби ортада дұрыс пайдалану дағдыларын дамыту болды.
Сабақ барысында физикалық шамалардың негізгі және туынды бірліктері, олардың халықаралық деңгейде қолданылу ерекшеліктері, өлшем бірліктерін белгілеу ережелері және олардың ғылыми-техникалық құжаттардағы маңызы жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар студенттердің шет тіліндегі кәсіби сөздік қорын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, пәнге қатысты терминдер мен ұғымдардың қолданылуы талданды.
Оқу үдерісінде студенттердің белсенді қатысуы қамтамасыз етіліп, сабақ пікір алмасу, сұрақ-жауап, мәтіндермен жұмыс жасау, практикалық тапсырмалар орындау және кәсіби жағдаяттарды талдау түрінде ұйымдастырылды. Бұл студенттердің тақырыпты терең меңгеруіне, шет тілінде кәсіби коммуникация жасау қабілеттерін жетілдіруге және болашақ маман ретінде қажетті құзыреттіліктерін дамытуға мүмкіндік берді.






