Заң факультеті «Халықаралық қатынастар және халықаралық құқық» кафедрасының ұйымдастыруымен студенттер мен жас дипломаттарға арналған БҰҰ Моделінің арнайы отырыстары жоғары деңгейде өтті.
Ауқымды шаралардың ашылу салтанатына Заң факультетінің деканы Елікбай Мақсат Әбдумұталыұлы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы өкілі Ергебеков Серік Әбенұлы, «Халықаралық қатынастар және халықаралық құқық» кафедрасының меңгерушісі Таукебаева Эльмира Серікқызы және кафедраның профессор-оқытушылар құрамы қатысып, жас дипломаттарға қолдау білдірді.
Қатысушылар жаһандық саясаттың ең өзекті тақырыптарын талқылап, өздерін нағыз дипломат ретінде көрсете білді. Отырыс кезеңдері делегациялардың саяси басымдықтарын таныстыруынан, ресми ұстанымдарды баяндаудан, сындарлы сұрақ-жауап пен келіссөздерден тұрып, маңызды қарар (резолюция) қабылдаумен аяқталды. Студенттер халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолында дипломатиялық шеберліктерін жоғары деңгейде көрсете білді.
Негізгі күн тәртібінде Азия-Тынық мұхиты регионы (АТР), Латын Америкасы және Африка елдерін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүшелікке қабылдау мен реформалау мәселелері талқыланды. Қызу пікірталастар нәтижесінде жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты шешімдер ұсынылып, маңызды қарарлар қабылдалды. Делегаттар жаһандық саясаттың түйінді мәселелерін тарқатып, жоғары ораторлық қабілеттерін паш етті.
Барлық қатысушыларға белсенділіктері мен мазмұнды баяндамалары үшін алғыс білдіреміз!





