М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті заң факультетінің «Мемлекеттік-құқықтық пәндер» кафедрасының студенттері мен оқытушылары, Түркістан облысы Білім басқармасына қарасты «Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде қайырымдылық акциясын өткізді. Мұндай кездесулер біз үшін бір реттік шара емес, жақсы дәстүрге айналған игі бастама. Аталған іс-шаралар кафедраның тәрбиелік және әлеуметтік жұмысының маңызды бөлігі болып табылады және студенттердің тек кәсіби білімін ғана емес, сонымен қатар адамгершілік қасиеттерін - мейірімділік, жауапкершілік, өзгеге қол ұшын созуға дайын болу сезімдерін қалыптастыруға бағытталған. Акцияға қатысушыларды мекеме басшысының міндетін уақытша атқарушы С.А. Сарсенбаев пен оқу ісі жөніндегі орынбасары С.А. Оралбаев жылы қарсы алып, орталықтың қызметі, білім беру және тәрбие бағдарламалары туралы жан-жақты ақпарат берді. Студенттер орталық қызметкерлерімен тілдесіп, қоғам тарапынан көрсетілетін қамқорлық пен назардың балалар үшін қаншалықты маңызды екенін тереңірек түсінді. Іс-шараны ұйымдастыру мен өткізуде кафедра оқытушылары мен оқу топтарының кураторлары ерекше рөл атқарды. Олар студенттермен бірлесе отырып, болашақ заңгерлер арасында меценаттық пен қайырымдылық мәдениетін дамытуға үлес қосуда. Өйткені құқық - бұл тек заңдар мен нормалар жиынтығы ғана емес, сонымен қатар адам қадір-қасиетін қорғау, әділеттілікке ұмтылу және мейірімділікті іс жүзінде көрсету. Осындай іс-шаралар студенттерге болашақ мамандықтарының әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінуге және шынайы құқықтық мәдениеттің бастауы адамгершілікте жатқанын ұғынуға мүмкіндік береді. Мейірім, қамқорлық пен белсенділік - әлемді шын мәнінде жақсы жаққа өзгертетін құндылықтар. ЮМ 22-1к4, ЮМ 22-1к5, ЮМ 22-1к6, ЮМ 22-1к12, ЮМ 22-1к13, ЮМ 22-1к16, ЮМ 23-1к8, ЮМ 24-1к9, ЮМ 24-1к10, ЮМ 24-1к11 оқу топтарының барлық студенттеріне, сондай-ақ олардың кураторлары: Муратова Гүлзада Таубатыровнаға, Бекжигитова Сандуғаш Бегасыловнаға, Тойжанова Айкен Болатовнаға, Жаманкараева Галие Сейткәрімовнаға, Жуманова Күндіз Тынышбековнаға, Биболаева Мақпал Бақытовнаға, Бердібеков Сапарали Ортаевичке, Калышев Сәкен Данабековичке бастамашылдығы, белсенді қатысуы және осы қайырымдылық акциясын ұйымдастыру мен өткізуге қосқан үлестері үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Дәл осындай игі істер қамқорлыққа, құрметке және өзара қолдауға негізделген қоғамды қалыптастырады.
Жаңалықтар
«Мейірім мен қамқорлық» - балаларға қуаныш сыйлаған күн
powered by social2s

