2021 жылдың 28-ші қыркүйек күні қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Сталиндік, Лениндік сыйлықтардың лауреаты, Абайды әлемге танытқан, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 124 жыл толуына орай қарымды қаламгердің есімін иеленген М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жазушының ескерткішіне гүл шоғы қойылды.
2021 жылдың 28-ші қыркүйек күні Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 124 жыл толуына орай Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен «Әуезов оқулары» атты жас ғалымдардың ХVІІІ ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияны мәдениеттанушы, заңғар жазушының ұлы Мұрат Мұхтарұлы Әуезов ашып берді. Алғашқы құттықтау сөзді Шымкент қаласындағы ұлы жазушының есімін иеленген М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы-ректор Дария Пернешқызы Қожамжарова арнайы сөз алып университетте, абайтану мен мұхтартануға қатысты ашылып жатқан тың ғылыми жаңалықтарымен бөлісті.
Сонымен қатар Дария Пернешқызы Шымкент қаласындағы «Химфарм» АҚ арнайы бөлімінен табылған Абай ұрпақтарына қатысты мемориалды тақтаның мәні мен мазмұнына тоқталды. «Университетіміздегі «Мұхтартану» ғылыми орталығы бүгінде табысты ғылыми ізденістер жасауда. Ал енді Мұхтартану мен Абайтануда ыстығы басылмаған тың жаңалықтардың бірегейіне ойысар болсақ, бұл тікелей хакім ұрпақтарына қатысты. 1934 жылы Шымкентте қайтыс болып және осында жерленген хакім Абайдың Әйгерімнен туған перзенті Тұрағұл Абайұлы мен өзге де ұрпақтарына қатысты ерекше жәдігердің табылғандығы. «Мұхтартану» ғылыми орталығының ғылыми қызметкерлері ғылыми ізденісінің нәтижесінде Абай Құнанбайұлы ұрпақтарының есімі, қайтыс болған мерзімі мен жерленген орындары көрсетілген ерекше мемориалды тақтаның табылғандығын сүйіншілеп айтқым келеді. Бұл мәрмәртаста Абайдың:
Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек,
деген өлеңімен қоса: «Абай Құнанбаевтың Шымкент қаласында жерленген үрім-бұтағы:» орысша мәтінде: «Родственники Абая Кунанбаева похороненные в городе Шымкенте:» деп, оған қоса 4 адамның есімі қай жылы, қай жерде жерленгендері қазақ-орыс тілдерінде қашап жазылған. Олар: Тұрағұл Абайұлы – Әйгерімнен туған. 1934 ж., Келіндері: Дәмежан – Микайлдің әйелі. 1960 ж., Камалия – Әубәкірдің әйелі. 1962 ж., немересі: Әубәкір – Ақылбайдың ұлы. 1933 ж. Міне, мәрмәртастағы мәтін осылай өрілген. Мемориалды тақта 30 жылға жуық «Химфарм» зауытының арнайы бөлімінде өте ұқыпты сақталып келген. Жәдігер бүгінде университетіміздің «Мұхтартану» ғылыми орталығының төрінен орын тапты. Қазіргі таңда «Мұхтартану» ғылыми орталығының ғалымдары бұл құнды жәдігерді жан-жақты зерттеумен айналысуда», - деді Дария Пернешқызы өз сөзінде. Сонымен қатар келер жылы Мұхтар Омарханұлының 125 жылдық мерейтойына орай университет ғалымдары ұзақ жылдар бойы айналысып келе жатқан ерекше ғылыми жаңалықпен бөлісетіндігін атап өтті. Аталмыш конференцияны М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Сіләмжанұлы Матыжанов жүргізіп отырды. Қазақтың заңғар жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 124 жыл толуына орай М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Мұхтартану» ғылыми-орталығының ұйымдастырумен «М.Әуезов мұрасы және бүгінгі руханият әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциямен жалғасын тапты.Конференцияда алғаш болып құттықтау сөз алған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы-ректор Дария Пернешқызы абайтану мен мұхтартанудың беймәлім беттерін жан-жақты саралай келе «Ұлы Абайдың еңбектерін біздің орталық қызметкерлері қайтадан текстологиялық қарап, оның «Китаб тасдиқ» еңбегін тұңғыш рет шағатай тілінде транскрипциялап шықты. Оқу орнымыз келер жылы өтетін М.Әуезовтің 125 жылдығына қазірден дайындық үстінде. Осыған орай «Мұхтартану» орталығы «М.Әуезовтің Оңтүстікке сапары» атты естеліктер жинағын дайындауда. Бұл ғылыми жинақта Мұхтартану ғылымына тың серпін беретін көптеген деректер мен тұжырымдардың болатынына біз сенімдіміз. Дәлірек айтқанда Мұхтар Омарханұлының арғы атасы Бердіқожа Қаратау бөктеріндегі Созақ-Шаян өңірлерін мекен етті», - деді. Конференцияға алыс-жақын шет елдерден ғалымдар қатысып қатысып Мұхтар Омарханұлының феномендік қырларына талдау жасады.
Конференцияны «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар» ғылыми-зерттеу институтының директоры Боранбаев Сандыбай Режепұлы жүргізіп отырды.
БАЙЛАНЫС

160012, Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы, 5


Канцелярия

(8-725-2) 21-01-41


canselyarya@mail.ru

info@auezov.edu.kz

Please publish modules in offcanvas position.