Президент Жолдауы талқыланды: ел дамуының басым бағыттары
Басып шығару

Президент Жолдауы талқыланды: ел дамуының басым бағыттары

Президент Жолдауы – ел дамуының стратегиялық бағдары
2026 жылғы 28 қазанда М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Механика, машина жасау және мұнай-газ ісі факультетінде Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған кездесу өтті.
Іс-шараға факультет деканы Байысбай Өмірбек Пернебайұлы, студенттер мен докторанттар, «Әділет» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы Орынбасар Лештаев, сондай-ақ «Білім және зерттеу» бастауыш партия ұйымының төрағасы, «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, доцент Ардақ Монтаев қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген басым міндеттерді талқылау, олардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен білім және ғылым саласы үшін маңызын түсіндіру, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру.
Талқылау барысында Жолдауда көрсетілген инфрақұрылымды жаңғырту, энергетика саласын дамыту және экономиканы цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу, заманауи өндірісті дамыту, білім мен ғылымның әлеуетін арттыру және білікті мамандар даярлау мәселелері сөз болды.
Факультет қызметінің ерекшелігін ескере отырып, қатысушылар инженерлік білім берудің, ғылыми зерттеулердің және жаңа технологияларды өндіріске енгізудің маңызын атап өтті. Бұл бағыттар болашақ инженерлер мен зерттеушілердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Кездесу барысында студенттер мен докторанттар өз ойларын ортаға салып, елдің болашағына қатысты өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ жастардың қоғамдық-саяси сауаттылығын арттыру, жауапкершілігін нығайту және қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Іс-шара қорытындысында Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда білім беру ұйымдарының, ғылыми қауымдастықтың және жастардың атқаратын рөліне назар аударылды.
Мұндай кездесулер университеттің қоғамдық ұйымдармен байланысын нығайтып, білім алушылардың ел дамуындағы басым бағыттарды түсінуіне және өзекті мәселелер бойынша сындарлы пікір алмасуына мүмкіндік береді.
 

powered by social2s