Басып шығару

«Қалдықтарды азайту — таза қала және жауапты тұтыну»

Тазалық санадан басталады: Студенттер қалдықтарды азайту мен жауапты тұтыну мәдениетін талқылады
Қоршаған ортаны қалдықтардан қорғау және жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі қоғамның ең басты міндеттерінің бірі. Осы орайда, Ақпараттық коммуникациялық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Тұрғанбекова М.М. ТП25-22р1 тобы студенттері және кафедра оқытушыларының қатысуымен «Қалдықтарды азайту — таза қала және жауапты тұтыну» тақырыбында маңызды кураторлық сағат өтті. Іс-шараның басты мақсаты — жастар арасында қалдықсыз өмір салтын (Zero Waste) насихаттау және күнделікті өмірде қоқыс көлемін азайтудың тиімді жолдарын көрсету болды.
Жиын барысында пластик қалдықтардың табиғатта 400-500 жыл бойы ыдырамайтыны және оның микропластик ретінде адам ағзасына тигізер қаупі кеңінен талқыланды. Студенттер бұл жаһандық мәселемен күресудің ең тиімді жолы ретінде 3R (Reduce, Reuse, Recycle) принципін ұсынды:
• Reduce (Азайту): Бір реттік пластик пакеттер мен ыдыстардан бас тартып, мата сөмкелер (шопперлер) мен термокружкаларды қолдануға көшу;
• Reuse (Қайта пайдалану): Заттарды бірден лақтырмай, қайырымдылыққа өткізу немесе қайта пайдалану;
• Recycle (Қайта өңдеу): Қағаз, пластик және электроника қалдықтарын арнайы қабылдау нүктелеріне тапсыру.
Сонымен қатар, студенттер қағаз шығынын азайту мақсатында оқу үдерісін барынша цифрландыруды, яғни конспектілер мен жазбаларды электронды форматта жүргізу игі әдетке айналуы тиіс екенін атап өтті.
Аға оқытушы Тұрғанбекова М.М. айтуынша: «Қалдықтарды азайту — жай ғана қоқыс тастамау емес, бұл — саналы түрде тұтыну мәдениеті. Оқу орны мен жатақхана аумағында осындай эко-сананы трендке айналдыру арқылы біз таза университет пен жауапты қоғам қалыптастырамыз».
Іс-шара соңында қатысушылар жасалған баяндамалар мен слайдтарды негізге ала отырып, университет ішінде жаңа эко-әдеттерді енгізуге уағдаласты. Біздің әрбір кішігірім қадамымыз табиғатты сақтауға қосылған үлкен үлес!

powered by social2s