2025 жылы желтоқсан айының 10-шы жұлдызы күні қайырымдылық іс-шарасы аясында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің «Техникалық мамандықтар үшін шет тілі» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы Сайрам ауданы, Қасымбек Датқа ауылы, Абай көшесі 17 А-да орналасқан Түркістан облысының білім басқармасының «Түркістан облысының арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» КММ орталығына барып қайтты.Бұл қайырымдылық іс-шараның басты мақсаты - орталықтағы балаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, оларға мейірім мен қамқорлық сыйлау, адамгершілік құндылықтарды насихаттау, балалармен жылы қарым-қатынас орнатып, олардың қоғам назарынан тыс қалмайтынын сезіндіру болды.Іс-шара барысында балаларға киім-кешек пен түрлі сыйлықтар табысталып, олардың көңілін көтеруге арналған шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Балалардың жүзіндегі шаттық пен шынайы күлкі жүректерге ерекше жылулық сыйлап, қатысушыларға үлкен әсер қалдырды.Бұл игі іс-шара балаларға тек материалдық көмек көрсетіп қана қоймай рухани тұрғыдан да қолдау бола алды. Олар үлкендердің қамқорлығын сезініп, өз болашағына үмітпен қарауға тағы да бір қадам жасады.Қайырымдылық – қоғамды ізгілік пен мейірімге бастайтын асыл құндылықтардың бірі. Осындай игі бастамалар арқылы әрбір баланың бақытты өмір сүруге лайық екенін тағы да бір мәрте дәлелдейміз. Алдағы уақытта да мұндай игі істер жалғасын табады деп сенеміз.


