ИЗВЕЩЕНИЕ

ИЗВЕЩЕНИЕ 

       Кафедра «Информатика» Южно-Казахстанского университета имени М. Ауэзова извещает о проведении расширенного научного семинара кафедры (предварительной защиты диссертации) докторанта Абдрашовой Эльмиры Тлесовны на тему: «Формирование методической компетентности будущих учителей информатики на основе цифровых образовательных моделей», представленной на соискание степени доктора философии (PhD) по образовательной программе 8D01503 – «Информатика».
Язык защиты – казахский.
Диссертация представлена в виде диссертационной работы.
Отечественный научный консультант: Кемельбекова Ж.С. – кандидат технических наук, ассоциированный профессор Южно-Казахстанского университета имени М. Ауэзова.
Зарубежный научный консультант: Веряев Анатолий Алексеевич – доктор педагогических наук, профессор Алтайского государственного педагогического университета.
Рецензенты:
  1. Аширбаева Ж.Н. – кандидат педагогических наук, доцент кафедры «Информатика».
  2. Ибашова А.Б. – кандидат педагогических наук, ассоциированный профессор Южно-Казахстанского педагогического университета имени Өзбекали Жанибекова.
Расширенный научный семинар кафедры состоится 30 июня 2026 года в 11:00 часов в гибридном формате (очно и с использованием дистанционных технологий) по адресу: 160012, г. Шымкент, ул. А. Байтурсынова, б/н, аудитория № 312.
Абдрашова Эльмира Тлесовнаның
8D01530 - «Информатика» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін ұсынған
диссертациясына
 
АҢДАТПА
 
Зерттеудің өзектілігі: Қазіргі кезеңде білім беру жүйесінің дамуы цифрландыру үдерістерінің жеделдеуімен, жасанды интеллект технологияларының оқу үдерісіне енуімен және педагог кадрлардың кәсіби даярлығына қойылатын талаптардың жаңаруымен сипатталады. Әлемдік білім беру кеңістігінде мұғалімнің кәсіби бейнесі тек пәндік білімді меңгерген маман ретінде емес, цифрлық ортада оқытуды жобалай алатын, инновациялық технологияларды педагогикалық тұрғыдан негіздеп қолданатын, білім алушылардың оқу белсенділігін деректер негізінде талдайтын және сол деректерге сүйене отырып педагогикалық шешім қабылдайтын кәсіби тұлға ретінде қарастырылады. Осы тұрғыда болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастыру мәселесі ерекше өзектілікке ие.
Зерттеу тақырыбы: Цифрлық оқыту модельдері негізінде болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзіреттілігін қалыптастыру
Зерттеудің нысаны: Жоғары оқу орындарында болашақ информатика мұғалімін даярлау үдерісі.
Зерттеудің пәні: Болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастырудың мазмұны, құрылымы, әдістері мен құралдары.
Зерттеудің мақсаты: Болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін цифрлық оқыту модельдері (AI-TPACK, SAMR) және оқыту аналитикасы арқылы қалыптастыру әдістемесін теориялық тұрғыдан негіздеу, оның құрылымдық-мазмұндық моделін әзірлеу және тиімділігін тәжірибелік-эксперименттік тұрғыдан тексеру.
Зерттеудің ғылыми болжамы: Егер болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастыру үдерісі AI-TPACK, SAMR цифрлық оқыту модельдері және оқыту аналитикасы негізінде әзірленген құрылымдық-мазмұндық модель мен арнайы әдістеме арқылы жүзеге асырылса, онда олардың әдістемелік құзыреттілігі тиімді қалыптасады, өйткені бұл болашақ мұғалімнің пәндік, педагогикалық, технологиялық және цифрлық-әдістемелік даярлығын кіріктіре дамытуға, оқу мазмұнын, әдістерін, цифрлық тапсырмалар жүйесін, бағалау құралдарын ғылыми негізде жобалауға және оқу нәтижелерін деректер негізінде талдауға мүмкіндік береді.
Зерттеудің міндеттері:
  1. Болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастырудың теориялық-әдістемелік негіздерін айқындау.
  2. Болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастыруда цифрлық оқыту модельдерінің педагогикалық мүмкіндіктері мен әдістемелік әлеуетін негіздеу.
  3. AI-TPACK, SAMR модельдері және оқыту аналитикасы негізінде болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастырудың құрылымдық-мазмұндық моделін әзірлеу.
  4. Әзірленген құрылымдық-мазмұндық модельді жүзеге асыруға арналған әдістемені және көмекші құралдар әзірлеу.
  5. Ұсынылған әдістеменің тиімділігін тәжірибелік-эксперименттік жұмыс барысында тексеріп, оның нәтижелерін сандық және сапалық тұрғыдан талдау.
  6. Зерттеу нәтижелері негізінде ғылыми-әдістемелік ұсынымдар әзірлеу.
Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негіздері: Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздерін болашақ информатика мұғалімдерінің кәсіби даярлығы, әдістемелік құзыреттілік, цифрлық педагогика, цифрлық оқыту модельдері және оқыту аналитикасы мәселелеріне арналған отандық және шетелдік ғылыми еңбектер құрайды. Зерттеу барысында болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастыру үдерісі жоғары педагогикалық білім беру жүйесіндегі кәсіби даярлықтың құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып, оның мазмұны, құрылымы, қалыптастыру тетіктері мен нәтижелері цифрлық білім беру жағдайында айқындалды. Осыған сәйкес зерттеудің әдіснамалық негізін жүйелік, құзыреттілік, іс-әрекеттік, тұлғалық-бағдарлы, технологиялық және деректерге негізделген тәсілдер құрайды.
Жүйелік тәсіл болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастыруды өзара байланысты мақсат, мазмұн, әдістер, құралдар, ұйымдастыру формалары, нәтижелер мен кері байланыс компоненттерінен тұратын біртұтас педагогикалық жүйе ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл зерттеу нысанын жеке элементтер жиынтығы ретінде емес, кәсіби даярлықтың мазмұндық, технологиялық және бағалау-нәтижелік бөліктерін біріктіретін күрделі жүйе ретінде түсіндіруге негіз болды. Жүйелік тәсіл аясында әдістемелік құзыреттілікті қалыптастырудың құрылымдық-мазмұндық моделі әзірленіп, оның мақсаттық, мазмұндық, технологиялық және нәтижелік блоктарының өзара байланысы айқындалды. Жүйелік тәсілдің теориялық негіздері педагогикалық жүйені тұтас құрылым ретінде қарастыратын еңбектерде, соның ішінде А.А. Веряевтың зерттеулерінде көрініс табады.
Құзыреттілік тәсіл зерттеудің жетекші әдіснамалық тұғырларының бірі ретінде болашақ мұғалім даярлығының нәтижесін тек білім, білік және дағдылар жиынтығы ретінде емес, кәсіби міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік беретін кіріктірілген сапа ретінде түсіндіруге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан әдістемелік құзыреттілік болашақ информатика мұғалімінің пәндік білімді, педагогикалық білімді, цифрлық технологияларды, бағалау тәсілдерін және рефлексиялық әрекетті кәсіби жағдаятта біртұтас қолдану қабілеті ретінде қарастырылды. Құзыреттілік тәсілдің теориялық негіздерін А.В. Хуторской, И.А. Зимняя, В.А. Сластенин және әріптестерінің еңбектері құрайды. Аталған ғалымдардың тұжырымдары болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігінің құрылымын, оның когнитивтік, әрекеттік, мотивациялық және рефлексивтік компоненттерін негіздеуге тірек болды.
Іс-әрекеттік тәсіл әдістемелік құзыреттіліктің дайын күйінде берілмейтінін, оның нақты оқу-әдістемелік әрекет барысында қалыптасатынын негіздейді. Осыған сәйкес болашақ информатика мұғалімінің сабақ жобалауы, цифрлық тапсырмалар әзірлеуі, білім алушылардың оқу әрекетін ұйымдастыруы, оқыту нәтижелерін бағалауы, цифрлық құралдарды мақсатты таңдауы мен рефлексия жасауы әдістемелік құзыреттіліктің қалыптасу алаңы ретінде қарастырылды. Зерттеуде бұл тәсіл студенттерді белсенді танымдық және практикалық әрекетке тарту, цифрлық білім беру ортасында оқу жағдаяттарын модельдеу, жобалау және талдау жұмыстарын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылды.
Тұлғалық-бағдарлы тәсіл болашақ мұғалімнің кәсіби қалыптасуын оның жеке ерекшеліктері, уәжі, құндылықтық бағдарлары, цифрлық ортадағы тәжірибесі мен рефлексиялық қабілетімен бірлікте қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл болашақ информатика мұғалімін тек білімді меңгеруші емес, өз кәсіби дамуын саналы түрде жобалайтын, әдістемелік шешім қабылдайтын және цифрлық ортада өзіндік педагогикалық ұстанымын қалыптастыратын белсенді субъект ретінде тануға негіз болды. Зерттеуде тұлғалық-бағдарлы тәсіл студенттердің дербес оқу траекториясын құру, жеке цифрлық өнімдер әзірлеу, рефлексиялық тапсырмалар орындау және кәсіби өзін-өзі бағалау әрекеттері арқылы көрініс тапты.
Технологиялық тәсіл болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастыру үдерісін алдын ала жобаланған, кезеңдері, мазмұны, әдістері, құралдары, күтілетін нәтижелері мен бағалау өлшемдері нақты анықталған педагогикалық жүйе ретінде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл зерттеу барысында ұсынылған құрылымдық-мазмұндық модельді нақты педагогикалық технология деңгейінде іске асыруға негіз болды. Соның нәтижесінде цифрлық оқыту модельдері, жасанды интеллект құралдары, оқу тапсырмалары, бағалау құралдары мен кері байланыс тетіктері біртұтас әдістемелік жүйеге біріктірілді.
Зерттеу әдістері: Зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне сәйкес теориялық, эмпирикалық және математикалық-статистикалық әдістер кешені қолданылды.
Теориялық әдістер ретінде философиялық, психологиялық-педагогикалық, әдістемелік және ғылыми-теориялық әдебиеттерді, нормативтік-құқықтық құжаттарды, болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлау, әдістемелік құзыреттілік, цифрлық педагогика, цифрлық оқыту модельдері, жасанды интеллект құралдарын білім беруде қолдану және оқыту аналитикасы мәселелеріне арналған отандық және шетелдік зерттеулерді талдау, салыстыру, жүйелеу, жалпылау, модельдеу, құрылымдау және интерпретациялау әдістері пайдаланылды. Бұл әдістер болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігінің мәнін, құрылымын және қалыптастырудың теориялық-әдіснамалық негіздерін айқындауға, цифрлық оқыту модельдерінің педагогикалық мүмкіндіктері мен әдістемелік әлеуетін негіздеуге, сондай-ақ зерттеудің құрылымдық-мазмұндық моделін әзірлеуге мүмкіндік берді. Теориялық талдау мен педагогикалық зерттеуді жобалауда ғылыми зерттеу логикасы мен аралас/кешенді зерттеу тәсілдерінің жалпы қағидалары басшылыққа алынды.
Эмпирикалық әдістер ретінде педагогикалық бақылау, сауалнама, әңгімелесу, тестілеу, диагностикалық тапсырмалар, студенттердің оқу, жобалық және әдістемелік жұмыстарын талдау, сараптамалық бағалау, цифрлық білім беру ортасындағы оқу белсенділігінің нәтижелерін зерделеу, сондай-ақ тәжірибелік-эксперименттік жұмыс әдістері қолданылды. Зерттеу барысында болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігінің қалыптасу деңгейін анықтау, ұсынылған әдістеменің тиімділігін тексеру және оның нәтижелерін бағалау мақсатында квазиэксперименттік педагогикалық эксперимент ұйымдастырылды. Эксперимент аясында бақылау және эксперименттік топтар құрылып, олардың бастапқы және қорытынды көрсеткіштері салыстырмалы түрде талданды. Эксперименттік топта болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастыру үдерісі AI-TPACK, SAMR модельдері және оқыту аналитикасы негізінде әзірленген әдістеме арқылы жүзеге асырылса, бақылау тобында дәстүрлі оқыту тәсілдері сақталды.
Математикалық-статистикалық әдістер зерттеу барысында алынған сандық деректерді өңдеу, салыстыру, қорыту және ұсынылған әдістеменің тиімділігін дәлелдеу мақсатында қолданылды. Деректерді статистикалық өңдеу барысында сипаттамалық статистика (орташа мән, стандартты ауытқу, пайыздық өзгеріс), бақылау және эксперименттік топтардың бастапқы эквиваленттілігін анықтауға арналған Стьюденттің t-тесті мен χ² критерийі, эксперимент нәтижелерін бастапқы көрсеткіштерді ескере отырып салыстырмалы бағалауға арналған ковариациялық талдау (ANCOVA), сондай-ақ әсер мөлшерін анықтауға арналған Hedges’ g коэффициенті пайдаланылды. Өлшеу құралдарының ішкі біртектілігі мен сенімділігін бағалау үшін Кронбах альфа коэффициенті қолданылды. Ал сараптамалық бағалаулардың келісімділігін анықтау үшін келісім көрсеткіштері мен салыстырмалы талдау тәсілдері пайдаланылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Зерттеудің ғылыми жаңалығы болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастыру мәселесін цифрлық оқыту модельдері, жасанды интеллект құралдары және оқыту аналитикасы негізінде кешенді қарастыруымен айқындалады. Зерттеу нәтижесінде:
  1. Болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастырудың теориялық-әдіснамалық негіздері нақтыланып, оның цифрлық білім беру жағдайындағы мазмұны, құрылымы және компоненттік құрамы айқындалды.
  2. Болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастыруда цифрлық оқыту модельдерінің педагогикалық мүмкіндіктері мен әдістемелік әлеуеті негізделді, олардың кәсіби даярлық үдерісіндегі рөлі айқындалды.
  3. AI-TPACK, SAMR модельдері және оқыту аналитикасы негізінде болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастырудың құрылымдық-мазмұндық моделі әзірленді. Бұл модель мақсаттық, мазмұндық, технологиялық және нәтижелік-бағалау компоненттерінің өзара байланысына негізделіп, болашақ мұғалімнің пәндік, педагогикалық, технологиялық және рефлексивтік даярлығын тұтас жүйе ретінде қалыптастыруға бағытталды.
  4. Әзірленген құрылымдық-мазмұндық модельді жүзеге асыруға арналған әдістеме және көмекші болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік даярлығын ұйымдастыруға, цифрлық ресурстармен жұмыс істеуге, жасанды интеллект құралдарын педагогикалық мақсатта қолдануға және оқыту аналитикасы негізінде кері байланыс алуға мүмкіндік беретін көмекші құрал жасалды.
  5. Ұсынылған әдістеменің тиімділігі тәжірибелік-эксперименттік жұмыс нәтижелері негізінде дәлелденіп, болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін дамытуға арналған ғылыми-әдістемелік ұсынымдар әзірленді.
Зерттеудің теориялық маңыздылығы: Зерттеу нәтижелері болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастыру теориясын цифрлық оқыту модельдері, жасанды интеллект құралдары және оқыту аналитикасы негізінде толықтырады. Зерттеу барысында әдістемелік құзыреттіліктің цифрлық білім беру жағдайындағы мазмұны мен құрылымы нақтыланып, оның пәндік, педагогикалық, технологиялық және рефлексивтік компоненттерінің өзара байланысы негізделді. Сонымен бірге AI-TPACK, SAMR модельдері және оқыту аналитикасын болашақ информатика мұғалімдерінің кәсіби даярлығы контексінде кіріктірудің педагогикалық негіздері жүйеленді. Ұсынылған құрылымдық-мазмұндық модель болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастыру үдерісін мақсат, мазмұн, әдістер, құралдар, цифрлық орта және бағалау тетіктері тұрғысынан тұтас педагогикалық жүйе ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Зерттеу нәтижелері жоғары педагогикалық білім беру теориясында болашақ информатика мұғалімдерін даярлаудың мазмұнын жаңғыртуға, цифрлық оқыту модельдерінің педагогикалық әлеуетін нақтылауға, жасанды интеллект құралдарын әдістемелік тұрғыдан пайдаланудың теориялық негіздерін айқындауға және оқыту аналитикасын кәсіби даярлықтың құрамдас бөлігі ретінде қарастыруға үлес қосады.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы: Зерттеудің практикалық маңыздылығы ұсынылған құрылымдық-мазмұндық модель мен оны жүзеге асыруға арналған әдістеменің жоғары педагогикалық білім беру тәжірибесінде қолдануға жарамдылығымен анықталады. Зерттеу нәтижелерін педагогикалық жоғары оқу орындарында болашақ информатика мұғалімдерін даярлау үдерісінде, әдістемелік пәндерді оқытуда, элективті курстар мен практикалық сабақтарды ұйымдастыруда, педагогикалық практика барысында, сондай-ақ біліктілікті арттыру курстарында пайдалануға болады.
Зерттеу аясында әзірленген әдістемелік тапсырмалар жүйесі, цифрлық ресурстармен жұмысқа арналған оқу материалдары, жасанды интеллект құралдарын педагогикалық мақсатта қолдануға бағытталған тапсырмалар, диагностикалық құралдар және ғылыми-әдістемелік ұсынымдар мен көмекші құралдар болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастыруды жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар зерттеу нәтижелері жоғары оқу орны оқытушыларына, әдіскерлерге, білім беру бағдарламаларын әзірлеушілерге және информатика мұғалімдерінің кәсіби даярлығын жетілдіруге мүдделі мамандарға практикалық тұрғыдан пайдалы болуы мүмкін.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелдігі мен негізділігі: Зерттеу нәтижелерінің дәлелдігі мен негізділігі зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздерінің ғылыми тұрғыдан дәйектілігімен, зерттеу мақсаты мен міндеттеріне сәйкес келетін теориялық, эмпирикалық және математикалық-статистикалық әдістер кешенін қолданумен, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың логикасы мен мазмұнының зерттеу мақсатына сәйкестігімен қамтамасыз етіледі. Зерттеудің сенімділігі болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастыруға арналған құрылымдық-мазмұндық модельдің ғылыми негізделуімен, оны жүзеге асыратын әдістеменің жоғары оқу орнының нақты білім беру үдерісінде апробациялануымен, эксперименттік және бақылау топтары нәтижелерінің салыстырмалы түрде талдануымен, сондай-ақ алынған нәтижелердің сандық және сапалық тұрғыдан өңделуімен дәлелденеді.
Зерттеу нәтижелерінің негізділігі тәжірибелік-эксперименттік жұмыста алынған деректердің жүйелі түрде жиналуы, талдануы және интерпретациялануымен, әдістемелік құзыреттіліктің қалыптасу деңгейлерін анықтайтын өлшемдер мен көрсеткіштердің зерттеу мазмұнына сәйкестігімен, диагностикалық құралдардың сенімділігі мен қолданылғанбағалау тәсілдерінің ғылыми негізделуімен сипатталады. Эксперимент нәтижелері оқыту аналитикасы деректерімен, студенттердің оқу жетістіктері, әдістемелік тапсырмаларды орындау сапасы, цифрлық ортадағы белсенділігі, рефлексиялық материалдары және сараптамалық бағалау нәтижелерімен толықтырылды. Алынған сандық деректер математикалық-статистикалық әдістер арқылы өңделіп, ұсынылған әдістеменің тиімділігі объективті түрде бағаланды. Зерттеудің теориялық тұжырымдары мен тәжірибелік нәтижелерінің өзара сәйкестігі, ұсынылған әдістеменің педагогикалық практикада тексерілуі және зерттеу нәтижелерінің оқу үдерісіне енгізілуі диссертациялық жұмыстың ғылыми негізділігі мен практикалық құндылығын айқындайды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:
  1. Болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігі цифрлық білім беру жағдайында пәндік, педагогикалық, технологиялық және рефлексивтік компоненттердің өзара кірігуі негізінде қалыптасатын кәсіби сапа ретінде қарастырылады.
  2. Цифрлық оқыту модельдерінің педагогикалық мүмкіндіктері мен әдістемелік әлеуетін ескеру болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастырудың маңызды шарты болып табылады, өйткені бұл модельдер цифрлық құралдарды оқыту мазмұнымен, әдістерімен және бағалау тетіктерімен кіріктіре қолдануға мүмкіндік береді.
  3. AI-TPACK, SAMR модельдері және оқыту аналитикасы негізінде әзірленген құрылымдық-мазмұндық модель болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастырудың тиімді теориялық-практикалық негізі болып табылады.
  4. Болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік даярлығын ұйымдастыруға, цифрлық ресурстармен жұмыс істеуге, жасанды интеллект құралдарын педагогикалық мақсатта қолдануға және оқыту аналитикасы негізінде кері байланыс алуға мүмкіндік беретін көмекші құрал әзәрленген құрылымдық-мазмұндық модельмен біртұтас педагогикалық ортаға біріктіріледі.
  5. Ұсынылған әдістеменің тиімділігі тәжірибелік-эксперименттік жұмыс нәтижелерімен дәлелденеді және оны жоғары педагогикалық білім беру жүйесінде болашақ информатика мұғалімдерін даярлау үдерісінде қолдануға болады.
Зерттеу нәтижесін сынақтан өткізу және ендіру:
Зерттеу тақырыбының аясында ҚР ҒжЖБМ Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған республикалық басылымдарда мақалалар жарық көрді. Нақтылап айтқанда, диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері мен қорытындылары отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда барлығы 15 ғылыми мақала түрінде жарық көрді. Оның ішінде 2 мақала Скопус (Scopus) мәліметтер базасында, 3 мақала – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдар тізбесіне енетін журналда, 2 мақала басқада ғылыми басылымдарда және 8 мақала халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларында жарияланған.
1) Scopus базасындағы мақала:
- Integration of SAMR, TPACK, and Artificial Intelligence in Computer Science Teacher Education: Impact on Academic Achievement and Digital Competencies - International Journal of Information and Education Technology, Vol.16, №5, 2026 – pp. 1406-1417 https://doi.org/10.18178/ijiet. 2026.16.5.2607; 73 процентиль
- The Impact of the SAMR Model with IT-Enhanced Tools on Student Performance - International Journal of Information and Education Technology, Vol.15, №4, 2025 - pp. 760-766. doi: https://doi.org/10.18178/ijiet. 2025.15.4.2281; 61 процентиль
2) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдарда жарияланған мақалалар тізімі:
- Scientific and Methodological Foundations for Training Pedagogical Specialists in the Use of Artificial Intelligence Tools - ҚазҰПУ Хабаршысы. «Педагогика және психология» сериясы, 66 том, №1, Алматы, 2026 ж., 159-168 б. https://doi.org/10.51889/2960-1649.2026.66.1.014
- Жасанды интеллект: болашақ информатика мұғалімдерінің кәсіби-әдістемелік құзыреттілігіне әсері - Қазақсан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы  Хабаршысы, Экономика және Педагогика сериясы, Алматы, №3(415),  2025ж. - 33-47 б. https://doi.org/10.32014/2025. 2518 -1467.950
- Информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастыруда цифрлық технологиялардың әлеуетін пайдалану - Қазақсан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы  Хабаршысы, Алматы, №6(412), 2024ж. - 26-43 б. https://doi.org/10.32014/2024.2518-1467.852
3) Халықаралық конференцияларда жарияланған мақалалар тізімі:
- Methodological competence of a future teacher of information science -«Үздік ғылыми жетістіктер-2022» XVII ХҒПК материалдары. 1 том. София: Ақ қала-БГ ОДД, 2022ж. Б. 39-43.
- Информатика мұғалімінің әдістемелік құзыреттілігін кәсіби дамыту негіздері -  «Әуезов оқулары-20: Мұхтар Әуезов мұрасы - ұлт қазынасы» М.О. Әуезовтың 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференция. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Шымкент-  - 3 том, сәуір,  2022ж., 25-29 б.
- Үздіксіз білім беру процесіндегі кәсіби құзіреттіліктің мәні - «Заманауи ғылым мен білім технологиялар» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының еңбектер жинағы, Шымкент университеті, Шымкент- 2 том, сәуір - 2024ж., 368-372 б.
 - Computer science teacher's competencies and ways to apply modern learning technologies - «Перспективті әзірлемелер - ғылым және техника-2025» XXII  ХҒПК материалдары. 1 Том. Прага, 2025ж. Б.145-149.
- Информатика пәнінде цифрлық құзіреттіліктің оқыту сапасына әсері - «Қазақстан математиктерінің бірінші конгресі» тезистер жинағы. Алматы: Математика және математикалық моделдеу институты, 2026ж. Б. 777-779
- Integrating Methodological Skills in Computer Science Teacher Training to Improve Student Outcomes - Қазіргі ғылымның дамуы: тәжірибе мәселелері, болжамдар. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның еңбектері, Аймақтық инновациялық университеті, Шымкент қаласы, 14-15 сәуір, 2026ж., 15-25 б.
- Цифрлық білім беру ресурстарын іріктеуде TPACK моделінің маңызы - «Цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі білім беру: құндылықтар, этика және тәжірибе» педагогика ғылымдарының докторы, профессор Мұханбетжанова Әлия Медешқызының туғанына 75 жыл толуына арналған ХҒПК материалдарының жинағы. Орал: Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті (БҚИТУ) және «Астана Хаб» дербес кластерлік қорының Орал қаласы бойынша филиалы (Batys hub), 2026ж. 472-478 б.
- Білім беру ортасында цифрлық моделдерді пайдаланудың  педагогикалық тиімділігі - «Білім берудегі ғылыми жаңалықтар: Қазіргі зерттеулер мен болашақ мүмкіндіктер» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми конференция, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ - түрік университеті, Түркістан қаласы, 23-24 сәуір, 2026ж., 448-451 б.
4) Басқада ғылыми басылымдарда:
- SAMR моделінің пайда болуы мен дамуы және оның информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастыруға әсері -МЕЖДУНАРОДНЫЙ НАУЧНЫЙ ЖУРНАЛ «IN THE WORLD OF SCIENCE AND EDUCATION» international scientific-practical journal Педагогические науки, Алматы, 15 ақпан - 2025ж., 31-37 стр.
- Информатика мұғалімінің әдістемелік құзыреттілігін дамытуға бағытталған өзіндік жұмысты ұйымдастыру - NATIONAL ACADEMY OF SCIENTIFIC AND INNOVATIVE RESEARCH (NAcSIR) «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ЖАС ҒАЛЫМЫ» атты халықаралық байқау, «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ЖАС ҒАЛЫМЫ» төсбелгісі, алғыс хат, статуэтка, Астана, сәуір - 2025ж.
5) Оқу құралдары:
- «Python бағдарламалау тілі». Шымкент: «Нұрлы бейне» баспасы, 2025ж. – 180 б.
- «Информатиканың теориялық мәселелері». Шымкент: «Әлем» баспасы, 2025ж. – 224 б.
6) Авторлық куәлік:
- «Цифрлық әдіскер» ақпараттық-білім беру ортасы. Авторлық құқықпен қорғалатын нысандарға құқықтардың мемлекеттік тізіліміне мәліметтерді енгізу туралы 2025 жылғы 15 мамырдағы № 58016 куәлік
- «Информатиканың теориялық мәселелері» электронды оқулық. Авторлық құқықпен қорғалатын нысандарға құқықтардың мемлекеттік тізіліміне мәліметтерді енгізу туралы 2026 жылғы 22 сәуірдегі № 70706 куәлік
Диссертация М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің «Информатика» кафедрасында орындалып, талқыланып қорғауға ұсынылды.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
Кіріспеде зерттеу тақырыбының өзектілігі негізделіп, зерттеудің нысаны, пәні, мақсаты, міндеттері, ғылыми болжамы, жетекші идеясы, әдіснамалық және теориялық негіздері, зерттеу көздері мен әдістері, зерттеу кезеңдері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы, қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар, зерттеу нәтижелерінің талқылануы, дәлелдігі мен негізділігі, сондай-ақ сынақтан өткізілуі мен ендірілуі сипатталады.
«Болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастырудың теориялық-әдістемелік негіздері» атты бірінші бөлімде болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігінің мәні, құрылымы және ерекшеліктері қарастырылады; информатика пәндерін оқыту контексінде болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастыру мәселесінің қазіргі жай-күйі талданады; әдістемелік құзыреттілікті қалыптастырудың жолдары, құралдары, әдістері және ұйымдастыру формалары сараланады; сондай-ақ болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастырудың құрылымдық-мазмұндық моделі негізделеді.
«Болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін цифрлық оқыту модельдері негізінде қалыптастыруды жүзеге асыру және тәжірибелік-эксперименттік тексеру» атты екінші бөлімде AI-TPACK, SAMR модельдері және оқыту аналитикасы негізінде болашақ информатика мұғалімдерінің әдістемелік құзыреттілігін қалыптастырудың мазмұны мен құрылымы айқындалады; осы үдерісті жүзеге асыруға арналған көмекші құралдар сипатталады; әдістемені тәжірибелік-эксперименттік жұмыста жүзеге асыру жолдары көрсетіліп, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың нәтижелері оқыту аналитикасы негізінде талданып, ұсынылған әдістеменің тиімділігі бағаланады.
Қорытындыда зерттеу нәтижелері жүйеленіп, негізгі тұжырымдар мен ғылыми-әдістемелік ұсынымдар беріледі. Қосымшаларда тәжірибелік-эксперименттік жұмыс материалдары, диагностикалық құралдар, сауалнамалар, тапсырмалар үлгілері, әдістемелік материалдар және зерттеу нәтижелерін ендіру актілері ұсынылады.
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Календарь

Июль 2026
Пн Вт Ср Чт Пт Сб Вс
29 30 1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31 1 2
Image
Контакты

160012, город Шымкент,
проспект Тауке хана, 5

Call центр

8 (725-2) 40 08 99

8 (725-2) 27 38 52

+7 (747) 275 75 00

Канцелярия

8 (725-2) 21-01-41

canselyarya@mail.ru

info@ukgu.kz
© 2026 М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІ

Please publish modules in offcanvas position.